Алматыда физика мен математика пәнінің мұғалімдері қалалық олимпиадада бақ сынады
Білім бәйгесінде оқ бойы озық шыққан жас ұстаздар Ұлттық ғылым академиясында құрметке бөленді
Алматыда физика және математика пәндерінің ұстаздары арасында өткен қалалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды. Академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған білім бәйгесінде 115 педагог бақ сынаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жас педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруды көздеген қалалық олимпиада қазан айында басталған. Оған Алматының 75-тен астам мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрген 115 физика және математика мұғалімі қатысыпты. Академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, үміткерлерге қойылған негізгі талап – кемінде «педагог-модератор» санатының және бір жылдан кем емес еңбек өтілінің болуы.
«Біріншіден, білім деңгейі дұрыс болуы керек, есеп шығара алуы керек. Жүлделі орынды мемлекеттік мектептердің мұғалімдеріне беруге тырыстық. шынымды айтайық. Жеке оқу орындары шықты. олардың да маңдайы шылқып отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен елдегі мектептердің деңгей кішкене төмендеп кетті. Сыныпта оқушы көп, мұғалім аз, тұрақтамайды. Соларды қызықтырайық деген ой болды», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.
«Ғалымдардың жартысы, 48 проценті – 40 жасқа келмеген жастар. Ол деген сөз Қазақстанның ғылымының болашағы зор, бұл – нақты Мемлекет басшысының саясатының нәтижесі», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Білім бәйгесінде оқ бойы озық шыққан жас ұстаздар Ұлттық ғылым академиясында құрметке бөленді. Бас жүлдені қанжығалаған екі педагогке темір тұлпардың кілті табысталды. Математика пәнінен Еркегүл Шынарбек қарсыластарынан басым түссе, физика пәнінен Айсана Советхан үздік атанды. Осылайша, кәсіби шеберлігімен дараланған қос мұғалімнің еңбегі жоғары бағаланды.
«Жеңем деген ой мүлдем болмаған. Күтпеген жерден көлік иесі атандық. Шынымды айтсам өте қуаныштымын!» – деді № 126 мамандандырылған лицейінің мұғалімі Айсана Советхан.
«Математика мұғалімдер қауымдастығы жыл сайын тұрақты түрде математика, информатика, физика мұғалімдеріне арнайы олимпиада ұйымдастырады. Сол олимпиадаларға бірнеше рет қатысқанмын. Соңғы рет 3 жыл бұрын қатысқан кезде бірінші дәрежелі диплом алдым. Ол кезде бірінші дәрежелі диплом алу – үлкен мәртебе. Қазіргі жеңісім – білім саласына салынып жатқан инвестиция», – деді № 208 мектеп-гимназиясының мұғалімі Еркегүл Шынарбек.
Айта кетейік, Алматының білім беру жүйесінде 42 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның 3 мыңы – физика және математика пәндерінің мұғалімі. Мұндай сайыстар жас ұстаздардың кәсіби өсуіне жол ашады.
Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Қазақстан ғылымы: жас зерттеушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр