Алматыда ғалым қыз-келіншектерге Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапат табысталды

06.03.2026 21:02

Нәйлә Оразғұлқызы – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы әрі профессор

Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларға арналған Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапат табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл бұл құрмет ғылым саласында табысты еңбек етіп, ел ғылымының дамуына үлес қосып жүрген 66 әйел-ғалымға бұйырды.

Айта кетейік, Нәйлә Оразғұлқызы – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы әрі профессор. Ғылым жолында өшпес із қалдырған жан. Ұйымдастырушылар бірегей тұлғаны ұлықтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Бұл марапатқа ие болып жатқан барлық әйел қауымын, аналарды, қыздарды құттықтаймын. Өйткені, бұл – ғылым жолындағы әйелдердің, олардың осы күнделікті жасап жатқан ғылыми зерттеулерінің, ғылым жолындағы еңбектерінің нәтижесі. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді», – деді Жәңгір хан атындағы бқату ғылым басқармасының басшысы Индира Бейшова.

Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде ғылым саласында еңбек ететін нәзік жандылардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Бүгінде ғылыми зерттеулермен 12 мың 893 әйел айналысады. Бұл ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 %-на жуықтайды

«Мемлекет басшысы қазіргі таңда ғалымдардың алдында үлкен үміт артып, үлкен міндеттерді, тапсырмаларды қойып отыр. Ол еңбек өнімділігін, экономиканы 2 есе көтеруде. Бүгінгі күні халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық ғылымда алғаш рет еліміздің ең үздік әйел ғалымдарын, біздің нәзік жанды аруларды академик Базанова атындағы марапатпен табыстап жатырмыз», – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.

Оқи отырыңыз: Әлемнің жарығы: Алматы әкімдігі шаһар арулары үшін мерекелік концерт ұйымдастырды