Қара жамылған отбасы Ерзаттың қазасының кездейсоқтық немесе суицид екеніне сенбейді
Жұмысынан 15 минутқа шығып кеткен жігіт төрт күннен кейін көл түбінен өлі табылды. Алматыда із-түзсіз жоғалған 25 жастағы Ерзат Егінбайды жақындары күні-түні іздестіріп, 72 сағаттан кейін қаралы хабар алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жігіттің мәйітін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының маңындағы су қоймасынан балықшылар тауыпты. Қайғыдан қан жұтқан отбасы мұны қатыгездікпен жасалған қастандық деп күдік білдіріп отыр.
Ерзат Егінбай 19 мамырда әдеттегідей жұмысқа кеткен. Алматыда геодезист көмекшісі болып еңбек еткен 25 жастағы жігіт сол күні түс ауа бастығынан «дүкенге барып келемін» деп сұранып шыққан. Алайда сол кеткеннен үйіне оралмаған. Кешке қарай жұмыс орнындағылар оның жиналысқа келмегенін байқап, әйеліне хабар беріпті. Сол сәттен бастап отбасынан тыныштық кеткен. Түн ортасына қарай ағасы полицияға арыз жазған. Туыстарының айтуынша, құқық қорғау органдары іздеуге кірісуге асықпапты. Уайымға салынған Ерзаттың жақындары бейнебақылау камераларын тауып, оның соңғы жүрген ізін өз күшімен анықтай бастаған.
«Камера сіздерге көрініп тұр ғой. Бәрін жасамайсыздар ма?» деп айттық. Асықпады ғой, мүлде асықпады. Білмеймін, түсінбедік? Уақыт жоғалтып алдық. IMEI кодты да бердік. Телефоннан қоңырау шалып қалды, барып іздедік. Оған бардық. Көбінесе өзіміз іздедік+ Ешқандай құмар ойын ойнамайды, жұмысына барады, кешке үйге қайтады. Күнде сағат 17:00-де келіншегіне хабарласады», – деді марқұмның анасы Талша Құсайынова.
Көп ұзамай Ерзаттың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарай кеткені анықталған. Туыстарының айтуынша, камера жазбаларында оның әлдекімді іздегендей алаңдап, қайта-қайта жан-жағына қарап жүргені байқалады.Арасында телефонмен сөйлескенге ұқсайды. Сағат 15:20 шамасында азамат Космос ауылындағы «Мектеп» аялдамасынан түскен. Одан кейін қайда кеткені беймәлім. Ауыл көшелерінде бейнекамера болмағандықтан, анықтау мүмкін болмапты. Төрт күн бойы іздестірумен болған туыстары аурухана мен мәйітханаларды жағалап шыққан. Ал 23 мамырда отбасы суық хабар естіген.
«72 сағат деген сұмдық қой,бұндай қайғы әр қазақтың басында болуы мүмкін? Сонда әр қазақтың баласы өлсін деп тұр ма? Неге жылдам қозғалмайды? Сондай оперативті қозғалса, бәрі жақсы болатын еді ғой. Үмітіміз ақталатын еді. Тірі деп 5 күн жүрдік. Жүрегім қанжылап тұр», – деді марқұмның әкесі Шалқар Құсайынов
Космос аулының маңындағы балық аулауға арналған жекеменшік су резервуарының маңындамыз. Жоғалып кеткен азаматтың денесі үш күннен кейін судан табылған. Туыстарының айтуынша, марқұм жоғалған күні оның телефоны дәл осы маңнан екі рет белгі берген. Бірақ соған қарамастан, іздеу бірнеше тәулікке созылып кеткен. Ақыры бүгін денені жағалауға жақын маңнан балықшылар байқап қалған. Істегі тағы бір күмәнді дерек, бұл аумаққа кіріп-шығатын көліктердің барлығының нөмірі мен тізгіндегі адамның аты жазылады. Яғни Ерзаттың өліміне қатысы бар болуы мүмкін азаматтар жайлы деректер мекеме басшылығында болуы әбден мүмкін.
Қара жамылған отбасы Ерзаттың қазасының кездейсоқтық немесе суицид екеніне сенбейді. Айтуынша, мәйітті тапқанда, оның мойын тұсында тұншықтыру белгілері болды. Алайда полицияның алдын ала мәліметі бұл деректі жоққа шығарып отыр. Ендігіде сараптама нәтижесін күту қалды.
«Алматы қаласындағы өзендерінің бірінен хабар-ошарсыз кеткен ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мәнжайын жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Шаңырақ көтергеніне небәрі жарты жыл болған марқұм Ерзат Егінбай бір апта бұрын ғана әке болатынын естіпті. Болашаққа жоспар құрып, сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүрген жігіттің қазасы туыстарына ауыр соққы болды. Марқұмның жақындары істің әділ әрі ашық тергелуін талап етеді.
Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қоқыстан шақалақ табылды