Мәреге алғашқы болып жеткен 10 қатысушы арнайы сый-сияпатпен марапатталды
Бүгін – Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген атаулы дата 1991 жылдан бері атап өтіледі. Бұл – саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, кейінгі буынға өнеге қалдырған аға ұрпаққа құрмет көрсететін күн. Мерекеге орай Алматыда скандинавиялық жүрістен арнайы турнир өтті. Махатма Ганди атындағы саябақтағы сайысқа 50-ге жуық қарт қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қарттар күніне арналған турнир дене қыздыру жаттығуынан басталды. Алмалы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 50-ге жуық мүшесі бой жазып, артынша апа-аталар қос таяғын қолға алып, скандинавиялық жүріс жолына шықты. Спорттық іс-шара «Әділет» партиясы, мәслихат депутаттары мен Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
– Бүгінгі шара 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өткізіліп отыр. Жалпы, «Әділет» партиясының негізгі сайлауалды бағдарламасында орташа өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа дейін арттыру жоспарланған болатын. Біз сайлауалды бағдарламада осыны халыққа түсіндірдік. Қазіргі таңда сайлау өткеннен кейін осы бағытта жұмысымызды бастап кеттік, – деді «Әділет» партиясы Алмалы аудандық филиалының төрағасы Айдар Күнтубай.
– Бұл шара Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен бірлесіп өтіп жатыр. Шараның мақсаты – қарттарға көңіл бөлу, оларды іс-шараларға қатыстыру, аға буынмен бірге жастарға, кейінгі ұрпаққа саналы өмір сүрудің үлгісін көрсету, – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ербол Қалдарбеков.
Қатысушылар 1,5 шақырымдық қашықтықты небәрі 15 минутта жүріп өтті. Жас ұлғайғанымен, жүрісінен жаңылмаған қарттар мәреге дейін бірқалыпты қарқынын сақтады.
– Скандинавиялық жүрудің пайдасын айтқанда, оны тек үлкен кісілер жүреді деп ойлаймыз. Бірақ олай емес. Скандинавиялық жүрістің өзіндік техникасы бар. Жүрген кезде арқа бұлшықеттерінің 90 пайызы жұмыс істейді. Ол дегеніміз не? Тегін ем! – деді скандинавиялық жүруден жаттықтырушы Алтынхан Әбдірахманқызы.
– Спорттың арқасында жүрміз, шауып жүрміз. Ауру дегенді білмейміз. Бәріңіз спортпен айналысыңыздар! Адамға денсаулық керек, – деді қатысушы Көлмырза Емешұлы.
Мәреге алғашқы болып жеткен 10 қатысушы арнайы сый-сияпатпен марапатталып, ақшалай жүлдеге ие болды. Айта кетейік, бүгінде елімізде 65 жастан асқан 2 миллионға жуық адам тұрады. Бұл – Қазақстан халқының 9,6 пайызы.
Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы, Almaty TV.