Жиындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллектіні офтальмологияда қолдану мәселесі
Алматыда Қазақстан офтальмологтарының халықаралық конгресі өтті. Отандық және шетелдік мамандар басқосуда көз ауруларын ерте анықтау мен емдеудің озық тәсілдерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Катарактаны емдеу, көруді түзету және көзге жасанды линза орнату – форуымдағы басты тақырыптардың бірі. Хирургтер осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды талдады. Басқосуға еліміздің өңірлерінен келген дәрігерлермен қатар АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Қырғызстаннан келген білікті мамандар қатысты. Ғылыми бағдарламада глаукома, торқабық аурулары, көздегі қатерлі ісіктерді анықтау мен емдеу мәселелері де қамтылды. Бұдан бөлек, балалар офтальмологиясы да назардан тыс қалған жоқ.
«Бүгін балалар офтальмологиясына арналған секцияда миопия, яғни алыстан көрмеу мәселесіне ерекше назар аудардық. Өйткені соңғы онжылдықта бұл ауру түрі барған сайын өзекті болып отыр. Ресейде мектеп түлектерінің шамамен 40 пайызында миопия бар. Бұл дерттің үдеуі 40 жастан кейін көру қабілетінің күрт нашарлауына, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін. Бүгінде біздің басты міндетіміз – балалардың көру қабілетін сақтап, аурудың асқынуына жол бермеу үшін барлық мүмкіндікті пайдалану», – деді Ресейден келген офтальмолог Ольга Рябенко.
Жиындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллектіні офтальмологияда қолдану мәселесі болды. Көзді тексеру кезінде алынған медициналық кескіндерді автоматты түрде талдау, ауру белгілерін ерте анықтау және оның даму қаупін бағалау мүмкіндіктері қарастырылды. Цифрлық жүйелерді дәрігердің емдеу жөнінде шешім қабылдауына көмекші құрал ретінде пайдалану да жан-жақты талқыланды. Сала қызметкерлері мұндай технологияларды күнделікті жұмысқа енгізуде сапа талаптарына, науқастың қауіпсіздігі мен маманның кәсіби жауапкершілігіне баса мән беріп отыр.
«Бірінші ол – мамандарымыздың сапасы. Екінші – әлемде болып жатқан, әлемде бар жабдықтар, жаңа технология. Үшінші – диспансерлік бақылау. Адам туылған кезден, сәби кезінен қартайған жасқа дейін бір жерге, бір дәрігерге, бір емханаға қаралуы керек», – деді Қазақстан офтальмологтар қоғамының президенті Тұрсынгүл Ботабекова.
Конгресс аясында заманауи диагностикалық жүйелер, хирургиялық жабдықтар мен цифрлық әзірлемелердің көрмесі ұйымдастырылды. Жас дәрігерлер мен зерттеушілер үшін бұл жетекші мамандардан тәжірибе жинап, өз ғылыми жұмыстарын таныстыруға таптырмас алаңға айналды. Басқосудың түпкі мақсаты – озық әдістерді клиникалық тәжірибеге барынша енгізіп, еліміздегі көз ауруларын анықтау мен емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеру.
Оқи отырыңыз: Маман тапшылығы: Атырау облысында инклюзивті білім беретін педагог жетіспейді