Алматыда кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған заманауи мекеме ашылды

polisia.kz
polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Саденов нысанның жұмысымен, сотталғандарды ұстау жағдайларымен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің жаңа мекемесі ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов нысанның жұмысымен, сотталғандарды ұстау жағдайларымен танысты.

Жоба мемлекеттік және жеке меншік сектордың әріптестігі аясында ІІМ ҚАЖК, Алматы қаласы әкімдігі және жеке компанияның қатысуымен жүзеге асырылды. Оған мемлекеттік бюджеттен қаржы кеткен жоқ.
200 орынға есептелген бұл мекемеде сотталғандармен жұмыс халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл – қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртудағы, сотталғандарды қайта әлеуметтендірудегі, Заң мен Тәртіпті нығайтудағы маңызды қадам.

Колонияда жасөспірімдерге арналған қауіпсіз, заманауи және психологиялық жағынан жайлы жағдайлар жасалған. Әсіресе білім беру мен әлеуметтік жұмысқа баса мән берілген.
Кәмелетке толмаған сотталғандар BINOM мектебі мен колледжінде оқып, сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді: дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі, шаштараз өнері және тағы да басқа. Олармен тәрбиешілер, психологтар жұмыс істеп, жан-жақты қолдау көрсетеді.
Нысан аумағында:

  • кітапхана мен акт залы;
  • асхана мен медициналық пункт;
  • футбол алаңы, баскетбол залы, workout-алаңшасы;
  • оқу сыныптары мен өндірістік шеберханалар орналасқан.

- Мұндай мекеменің ашылуы - әрине, маңызды қадам. Бірақ оны мереке ретінде қарауға болмайды. Әңгіме жасөспірімдер туралы болып отыр, ал біздің басты міндетіміз – бұл мекеменің толмауына барынша жағдай жасау. Профилактика, отбасымен жұмыс, білім беру әрдайым жазадан бұрын тұруы тиіс. Біз тек тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, балалардың пенитенциарлық мекемеге түсуіне жол бермейтін жағдай жасауымыз қажет, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Білім беру, кәсіби даярлық, психологиялық қолдау сотталғандарға қоғамға қайта оралғанда өзгерістерге дайын болуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл жасөспірімдердің бостандыққа шыққаннан кейін ортаға бейімделуіне және құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Алматы тауларында қыстыгүні бәйшешек гүлдеді

Новости партнеров