Алматыда қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жүйелі әрі кешенді тәсілге көшті

26.05.2026 21:15

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес,  «Жасыл Алматы» мемлекеттік мекемесі мен Урбанистика орталығы құрылды

Алматыда қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, жасыл қорды дамытып, қауіпсіз һәм қолжетімді қалалық орта құру мегаполис әкімдігінің назарында. Былтырдан бері оңтүстік астана тұрғындарының күнделікті күйбең тірлік пен бітпейтін қарбаласынан бір сәт тынығып, сергіп алатын көп орын пайда болды. Шаһар әкімінің тапсырмасына сәйкес, абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жүйелі әрі кешенді тәсілге көшті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Былтыр Алматыда іске асқан маңызды жобаның бірі «Сайран» су қоймасы аумағын абаттандыру болды. 47 гектардан астам аумақты қамтыған жоба аясында ұзындығы 2 жарым шақырымға созылатын серуен жолы, жағажай аймағы, балалар және спорт алаңдары, велосипед пен скейт алаңдары салынды. Одан бөлек, мұнда 3 мыңнан астам ағаш пен 14 мыңға жуық бұта отырғызылған. Бүгінде бұл аумақ қала тұрғындары жиі серуендеп, бой жазатын алаңға айналған. Сондай-ақ 20 жылдан астам уақыттан кейін Терренкур алғаш рет толықтай қайта жаңғыртылды. Жоба барысында 4 гектардан астам жер абаттандырылып, ұзын әрі ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұған қоса, балаларға арналған ойын алаңдары, амфитеатр және воркаут аймақтары бой көтерді.

«Алматыда қалалық ортаны дамыту тәсілдері өзгерді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар бүгіннің өзінде қоғамдық кеңістіктердің сапасын айтарлықтай арттыруға, жалпы олардың санын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алматы біртіндеп заманауи мегаполис ретінде дамып келеді. Біз атқарып жатқан жұмыстың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту», – деді қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ұлан Уайыс.

Шаһардың көркін ашатын 55 субұрқақ бар. Олар 1 мамырда толығымен іске қосылды. Наурыз айынан бері дайындық кезінде субұрқақтардың айналасы тазартылып, сырлау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қаланы абаттандыру аясында кешендердің төртеуі қазір жаңғыртылып жатыр. Мегаполис әкімдігі қолға алған тағы бір маңызды жоба – қасбеттерді жаңарту. Жауаптылар әуелі өткен ғасырдың ортасында салынған нысандарды жаңғыртуға назар аударып отыр. Бұл игі бастама мегаполис келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді. Қазірдің өзінде бірқатар ауданда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Алмалы ауданында биыл 60 көппәтерлі үйдің сыртқы келбетін бірізді ету жоспарланыпты.

«Қасбеттерді жаңғырту жобасы қала келбеті үшін маңызды деп ойлаймын. Бұл тәжірибе тек бізде емес, әлемнің өзге де ірі қалаларында бар. Бірыңғай стандартқа сәйкес болуы мегаполиске ерекше келбет береді. Мен маман ретінде бұл шаруаның атқарылып жатқанына қуаныштымын», – деді сәулетші Евгений Цой.

Назарбаев даңғылының батыс, Ганди көшесінің солтүстік бөлігінде орналасқан саябақ та былтыр ашылды. Аумағы 4 гектардан асатын аумақ инженерлік желімен толықтай қамтамасыз етілген. Көгал егіліп, автоматты суару жүйесі де енгізіліпті. Сондай-ақ 10 мың шаршы метр жүргіншілер жолы салынған. Бастысы – абаттандыру ісі жүргізілгенде, экологияға зияны жоқ шикізат пайдаланылған.

Қоғамдық кеңістікті  жасанды тоған ерекшелей түскен. Келушілер жазда көлшік маңайында дем алса, қыста бұл аумақ  мұз айдынына айналады.

Атап кетейік, жалпы жоба аясында аумаққа 400-ден аса ағаш отырғызылған. Нәтижесінде, жаңа сквер қаланың көркін ашып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған.

Сондай-ақ дайындық деңгейі жоғары бірқатар ірі жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында Баум тоғайы, Есентай өзенінің жағалауы, Геологтар аллеясы, «Оңтүстік» саябағы, сондай-ақ Достық және Пушкин көшелерін жаңғырту бар. Бұған қоса, Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту қолға алынды.

Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстау, көгалдандыру сапасын арттыру, жобалардың дизайн-кодқа сәйкестігін бақылау сынды шаруаларды атқаратын «Жасыл Алматы» мемлекеттік мекемесі мен Урбанистика орталығы құрылды.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматы мешіттерінде Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде