Оқушылар сарайында өткен салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты
Алматыда Құтқарушылар күніне орай сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Оқушылар сарайында өткен салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысып, қызметінде үздік шыққан мамандарды марапаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін наградаға ие болды. Сондай-ақ ұзақ жыл қызмет атқарған сала ардагерлерін құрметті демалысқа шығарып салды.
«Мен 27 жыл қызмет еттім. Соғысқа қатыстық, жалпы еңбек өтілім 35 жыл. Ал 20 жылдай еңбек еттім. Жұмысымыз өте маңызды», – деді ардагер Кенжеғали Үтәлиев.
Жыл басынан бері Алматының құтқару бөлімшелері тұрғындардан түскен хабарламалар бойынша үш мыңға жуық шақыртуға барған. Тоғыз айда 573 өрт сөндіріліп, қауіпті аймақтардан 880-нен астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Тағы 364 адам құтқарылған. Бұл қызметте әр минут қымбат. Құтқарушылар күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамастан көмекке асығады. Қатерлі сәтте жедел шешім қабылдап, адам өмірін аман алып қалу – олардың басты міндеті
«Бүгін – біз үшін атаулы ерекше мереке, мәртебелі күн. Құтқарушыларға әрдайым қажымас қайрат тілеймін. Министрліктің ер-азаматтары барда еліміздің еңсесі қашанда биік. Мені марапаттағаны үшін алғысымды білдіремін. Адал еңбек етемін деп ант етемін», – деді Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Мұхаммедәлі Әділбай.
Оқи отырыңыз: Алматы Тазалық: Дархан Сатыбалды кәсіпорын қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты