Нұрмахан Оразбек - бірқатар беделді басылымда басшылық қызмет атқарып, қазақ баспасөзіне серпін берген тұлға
Алматыда белгілі журналист, аудармашы, баспагер Нұрмахан Оразбектің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Қаламгердің рухына тағзым етуге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері жиналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жиында сөз тізгінін алғандар Нұрмахан Оразбектің қазақ журналистикасына қосқан үлесін атап өтті.
«Мемлекеттің көңіл бөлуінен және жиналған адамдар санына байқағаным, Нұрағаңды ешкім ұмытпаған. Ол – ұмыту мүмкін емес адам. Мен білімдімін, мен қазақпын, мен осы мемлекеттің адамы деген адам ұмытуға тиіс емес. Бұл кісінің әрбір қылығының өзі аңыз!» - деді Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев.
Нұрмахан Оразбек - бірқатар беделді басылымда басшылық қызмет атқарып, қазақ баспасөзіне серпін берген тұлға. Ол кеңестік кезеңде идеологиялық ұраннан бас тартқан алғашқы редакторлардың бірі болды. Қаламгер аударған, жазған еңбектер бүгінде ұлттық мұраға айналып отыр.
«Біздің әр мақаламызды, әр сөзімізді қарап отыратын. Біздің шығармаларымызға, сөйлеген қоғамдық сөзімізге пікірін айтып отыратын. Ол кісі өмірінің соңына дейін ұстанымына адал болып өткен қайраткер, қаламгер», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі сумен қамту нысандарымен танысып, іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды