Алматыда қант диабетін емдейтін орталық ашылды

15.09.2025 15:37

Диабет орталығы республикадағы барлық азаматты қабылдайды

Алматыда қант диабетін емдейтін тағы бір орталық ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медициналық мекеме кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған. Азаматтар онда кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог және невропатолог мамандардың кеңесін ала алады.     

Халықаралық қант диабеті федерациясының мәліметінше, әлемде 600 миллионға жуық адам қант диабетімен ауырады. Ал елімізде 544 мыңнан астам қазақстандық ресми тіркеуде тұр. Оның 6200-і бала. Ақ халаттылардың сөзінше, аурудың емделу жолы ұзаққа созылады. Сондықтан алдын алып, емделген дұрыс. Сәйкесінше жаңадан ашылған орталық пациенттерді жан-жақты бақылауға және асқынуды болдырмауға мүмкіндік береді. 

«Орталық Даниядағы ең өзекті мекемелердің үлгісі бойынша жасалған. Қант диабеті кезінде табанда проблема туындайды. Ерте диагноз қойып, алдын-алу шаралары жасалады. Бұл ерекше аппаратура  Қазақстан мен Орта Азияда ешқайда жоқ. Бірінші бізідің рпталыққа қойылды», – деді Кардиология және ішкі аурулар ғзи басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Жаңадан ашылған диабет орталығында эндокринолог, офтальмолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог және невропатолог дәрігерлер бар. Әр маман күніне 15 адамды қабылдауға қауқарлы.

«Орталықтың үлкен көмегі тиеді деп ойлаймын. Қай уақытта келіп қаралсақ та,  жатсақ та дәрігерлер кеңес беруге дайын. Науқастарға мүмкін бергені үшін қуаныштымыз!» – деді Алматы облысының тұрғыны Бақдәулет Қасенов.

Айта кетейік, диабет орталығы тек Алматыда тіркеуде тұрған науқастарды емес, республикадағы барлық азаматты қабылдайды. Ол үшін мекеменің ресми сайтына кіріп, көрсетілген нөмірге хабарласып, тіркелу қажет.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Елордадағы қандай мекемелердің жұмыс уақыты өзгерді