Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталды

06.03.2026 18:29

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ел дамуына еңбегі сіңген аруларды марапаттады

Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ел дамуына еңбегі сіңген аруларды марапаттады. Мерекелік қабылдау барысында шаһар басшысы нәзік жандарды келе жатқан мерекесімен құттықтап, алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Барыс», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілері қаржы, білім, медицина, энергетика, мәдениет, бизнес салаларының үздіктеріне табысталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Нүкетай Мышбаева ел мәдениетін жандандыруға қосқан елеулі үлесі үшін III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ол – жүзден аса рөл сомдаған әртіс. Биыл актриса 90 жасқа толып отыр.

«Бүгін керемет болды. Мен бақыттымын! Өте жақсы ұйымдастырды. 70 жыл театрда жұмыс істеймін. Ал енді «кәрілік келіп қапты қай жағынан» дегендей, қарттыққа қарамай, жүгіріп келдім», – деді ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Нүкетай Мышбаева.

Мерейлі мерекедегі салтанатты қабылдау Достық үйі ғимаратында өтті.  Марапат иелерін құттықтаған қала әкімі бұл наградалардың артында қанша жылдық маңдай тер мен үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті. Еңбектері еленіп, қошеметке бөленген қызметкерлердің қуанышында шек жоқ.

«Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Медицина саласының дамуына үлес қосқан дәрігерлердің маңдай тері ақталып жатыр. Бүгінгі жиынға еліміз бен әсем қаламыз Алматының өркендеуіне септігін тигізген қаншама сұлу әйел қатысып отыр. Олардың бәрі – өз саласының үздіктері. Дәл қазір марапатты қолыма алып, әбден толқып, ерекше қуанышқа бөленіп тұрмын», – деді «Құрмет» орденінің иегері Раушан Жақсыбай.

Бұдан бөлек, өз қызметін абыроймен атқарып, ел келешегі үшін тер төккен Ұлттық банк өкілдері, ұстаздар, білікті дәрігерлер де марапаттан құр қалмады. Әрбірінің өмір жолы – еңбекке адалдық пен табандылықтың көрінісі.

Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Ұлжан Солтанбекова: Бала саулығы – үлкен жауапкершілік