Алматыда хирургиялық экзоскоп көмегімен 40-қа жуық ота сәтті өтті

16.02.2026 20:48

Аппарат ота барысының дәлдігін арттырып, ми мен жұлынға жасалатын күрделі операциялардың қауіпсіздігін күшейтеді

Елімізде алғаш рет ота жасауға арналған заманауи хирургиялық экзоскоп енгізілді. Жоғары технологиялы құрылғы Алматыдағы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында іске қосылды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Шұғыл жеткізілген науқастарға нақты диагноз қою – дәрігерлер үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Сол себепті қалалық жедел көмек көрсету ауруханасында компьютерлік және магниттік-резонанстық томография аппараттары түбегейлі жаңарған. Қазір заманауи құрылғылар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Енді ақ халаттылар ауруды ерте кезеңде анықтап, дәл әрі уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік алып отыр.

«Қалалық әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ауруханамыздағы компьютерлік және магнитті-резонанстық томография аппараттары толық жаңартылды. Күн сайын емдеу мекемесіне 300-ден аса адам жүгінеді. Соның ішінде шамамен 25–30 пациентке заманауи диагностикалық құрылғылардың көмегі қажет. Жаңа аппараттардың арқасында біз нақты диагноз қоюға мүмкіндік алып отырмыз», – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Алима Төремұратова.

Сонымен қатар елімізде алғаш рет заманауи хирургиялық экзоскоп жұмыс істей бастады. Бұл аппарат та осы медициналық мекемеге қойылған. Жоғары технологиялы құрылғы ота барысының дәлдігін арттырып, ми мен жұлынға жасалатын күрделі операциялардың қауіпсіздігін күшейтеді. Сондай-ақ жаңа жабдық нейрохирургиялық оталарда кеңінен қолданылады.

«Нейрохирургия саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары жаңа буындағы аппараттар мен заманауи жүйелер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – Қазақстанда алғаш рет орнатылған заманауи экзоскоп. Бұл құрылғы операция жасалатын аумақты дәлдікпен көрсетуге мүмкіндік береді. Биыл аталған технологияның көмегімен 40-қа жуық операция жасадық. Барлығы сәтті өтті», – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли.

Ауруханадағы тағы бір жаңашылдық – ортопедия саласына енгізілген жоғары технологиялы роботтандырылған жүйе. Сондай-ақ инсульт алған науқастардың қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге бағытталған заманауи оңалту жүйесі іске қосылған.

 «Жаңадан енгізілген робот ассистент Stryker Mako жүйесі оның артықшылығы қолмен жасалған отадан робот арқылы тілік аз болады, біріншіден. Екіншіден, протезді миллиметрге дейін дәлме дәл орнатып береді. Бұл операциядан кейін оңалтуы, яғни науқас тез қалпына келеді, – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы № 2 травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сағит Маханов.

«Инсульт кезінде ең шешуші фактор – уақыт. Енді «время мозг» деп айтамыз. Инсульт болған кезінде дер кезінде жәдел жәрдем шақыруы тиіс. Елге, халыққа айтарым инсульттің ең бастапқы белгілерін білуі тиіс. Беттің қисаюы мүмкін, науқас сөйлей алмауы мүмкін», – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейроинсульт орталығының меңгерушісі Ләззат Аяғанова.

Айта кетейік, былтыр қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 70 мыңға жуық адам жүгінген. Осы кезеңде 9 мыңнан аса ота жасалыпты. Мамандардың айтуынша, жаңа медициналық жабдықтардың енгізілуі көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға жол ашпақ.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Суыққа аллергия деген не және одан қалай сақтануға болады