Тың әдіс – адам денесін мейілінше азырақ тіліп, сүйектерін барынша қозғамауға көмек береді
Алматыда тұңғыш рет кіші инвазиялық әдісті пайдалану арқылы адам омыртқасына ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоспарға сай,тың технологияны қолдану арқылы шаһарда 5 науқасқа ота жүргізу көзделген. Соның үшеуі бүгін орталық қалалық клиникалық ауруханада өткізіліп жатыр.
Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада ерекше ота жасалып жатыр. Дәрігерлер 75 жастағы науқасқа тұңғыш рет кіші инвазиялық технологияны қолдану арқылы операция жасауды көздеген. Отаны 1,5 сағатқа созылады деп жоспарланған.
Тың әдіс – адам денесін мейілінше азырақ тіліп, сүйектерін барынша қозғамауға көмек береді.
"Түтікшені 2-3 сантиметр кіргіземіз, ет, сүйек, буын аман қалады. Омыртқаның арасындағы имплантты түтікше арқылы қоямыз, сондықтан науқас 2- 3 кұннен кейін тұрып, жұмысына жарамды болады", – деді Ұлттық нейрохирургия орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Керімбаев.
Астанадан арнайы келген маман қаланың бірнеше нейрохирург дәрігерімен тәжірибе бөлісіп, шеберлік сабағын да өткізді. Олар бірнеше жыл бойы дертпен күрескен, еміне Ресейден де дауа таппаған науқасқа бірлесе ота жасады.
"Операция сәтті өтті. Соңғы кезде науқастар көбейіп келе жатыр. Қаладағы біраз аурухананың дәрігері, нейрохирургтері отаға қатысып, үйреніп, шеберлік сағатына қатысты", – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Сондай-ақ ақ халаттылар операцияны дер кезінде жасаудың маңыздылығына да тоқталып, сол арқылы мүгедектіктің алдын алуға болатынын айтты. Дәрігерлер омыртқасы ауыратын жандардың қатары күн санап артып келе жатқанын да атап өтті. Мәселен, бір ғана орталық қалалық клиникалық ауруханада жылына кем дегенде осы диагнозға шалдыққан 40 адамға ота жасалады.
Рүстем Айткәрім, Сағынғали Мұңайтпасов
Оқи отырыңыз: Пиязды қалай "жыламай" турауға болады