Алматыда контрабанда схемасы әшкере болды

21.07.2025 09:42

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндіріп алынды

Алматыда Қытайдан Қазақстанға, халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелу және аса ірі мөлшерде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қылмыстық іске айыптау үкімі шығарылды,деп хабарлайды Almaty.tv.

Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы бойынша департаменті тергеген.

Тергеу барысында "Group of the Companies TDA" ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елімізге кіргізгені анықталды.

Сонымен қатар, олардың бақылауындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жазылған. Мемлекетке келтірілген залал (қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша) 10 миллиард теңге болған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндіріп алынды.

"Сот санкциясымен: жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 миллион теңге сомасындағы мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және т.б.) шектеу қойылды.

Бұған қоса, аталған компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 миллион теңге салық төлеген", - делінген хабарламада.

Алматы Алмалы аудандық сотының үкімі бойынша, кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Сонымен қатар, іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Оқи отырыңыз: Атырауда 13 бала хлор буынан уланып қалды