Алматыда көпбалалы отбасы тұратын үйден шыққан өрт жылдам сөндірілді - ТЖД

05.04.2026 16:21

Өрт датчигі дер кезінде іске қосылып, үй тұрғындарын оятқан

Көрнекі фото: Аlmaty.tv

Алматы қаласында көпбалалы отбасы тұратын үйде шыққан өрт кезінде сегіз адамның өмірі аман қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін таңертең Новгородская көшесінде болған.

"Өрт туралы хабарлама түскеннен кейін құтқарушылар небәрі 5 минутта оқиға орнына жетті. Сол сәтте үйдің төбесі жанып жатқан", - делінген ТЖД хабарламасында.

Жеңіл тұтанатын материалдардан салынған барак үлгісіндегі баспана отқа тез орануы мүмкін еді. Алайда 2025 жылдың қазан айында орнатылған өрт датчигі дер кезінде іске қосылып, үй тұрғындарын оятқан. Соның арқасында олар өрт сөндірушілерді уақытылы шақырып үлгерген.

Алматы қалалық ТЖД аға инженер Ринат Құсайыновтың айтуынша, ол бұған дейін әкімдік пен газ қызметі өкілдерімен бірге бұл отбасының үйінде болып, датчик орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соның арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. 

Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және осындай құрылғыларды орнату адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.екенін ескертеді.

Оқи отырыңыз: Жол ережесін бұзбаған үлгілі жүргізушілер марапатталды