Алматыда көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа тәртібі түсіндірілді

14.08.2025 15:56

Басқарушы ұйымдар мен мүлік иелері бірлестігінің төрағалары заң бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ

Алматыда тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Әлеуметтік қызметтер үйінде өткен жиында сала мамандары, қоғамдық кеңес мүшелері мен пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестігі және басқарушы компания өкілдері бас қосты. Кездесуде қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа заң талаптары егжей-тегжейлі талқыланды.

«Дөңгелек үстелдің мақсаты – енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру. Тұрғындар бірігіп, бірлесіп үйін басқарады. Бірақ заңда көрсетілген егер бір үйде 36 пәтерден асатын болса, онда олар басқару органдырмен келісімшартқа отыру арқылы үйін басқару, күтіп ұстау жұмыстарын беруге болады», – деді Коммуналдық шаруашылықты дамыту басқармасының өкілі Жандос Қайырханов.

Айта кетейін, 15 қыркүйектен бастап елімізде көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Оған сәйкес, әр үйге жеке банк шоты ашылып, қаржы операциялары ашық түрде жүргізіледі. Тұрғындар ортақ мәселелерді электронды дауыс беру немесе жазбаша сауалнама арқылы шеше алады. Басқарушы ұйымдар мен мүлік иелері бірлестігінің төрағалары заң бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

«Тұрғын үй инспекциясымен бірге қаланың барлық аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені мәселе  өте өзекті. Барлығын түсіндіріп, баяндап отырамыз. Себебі өзгерістер Алматы қаласының тұрғындары мен азаматтары үшін жасалып отыр», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Темірлан Сұлтанғалиев. 

Оқи отырыңыз: "Нұркент" тұрғын үй кешеніндегі мәселе қыркүйектің соңына дейін шешімін табады