Open Healthcare Kazakhstan-ның халықаралық деңгейдегі жаңа клиникасы жұмысын бастады
Алматыда «Open Healthcare Kazakhstan» атты корей медицинасы орталығының жаңа филиалы ашылды. Бес қабатты заманауи клиникада зертхана, науқастарға арналған жайлы палаталар, офтальмология, кардиология және өзге де салалық дәрігерлердің кабинеттері бар. Оған қоса, орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, 1000 түрлі диагностикалық тексеру түрін ұсынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Open Healthcare Kazakhstan клиникасының тағы бір жаңа филиалы Алматыда өз есігін айқара ашты. Соңғы жеті жылда табысты жұмыс істеп келе жатқан емхана инфрақұрылымын түбегейлі жаңартқан. Диагнозды екі мәрте тексеріп, тағайындалған емді үш сатыда бақылайды. Бұл жаңа орталықта жасанды интеллектіге негізделген нейрожелі жүйесі бар заманауи технологиялар кеңінен қолданылмақ.
«Біз Корея мен Қазақстанның медицина саласындағы үздік тәжірибені, дәл диагностика мен цифрлық денсаулық сақтау технологияларын біріктіріп, жаңа орталық қалыптастыруды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бірлескен зерттеулер жүргізіп, ақпарат алмасамыз. Біздің мақсатымыз – тек медициналық қызметтер ұсынып қана қоймай, тұрақты емдеу жүйесін қалыптастыру», - деді «open healthcare kazakhstan» корей медицина орталығының бас директоры Ким Дэ Йонг.
«Бұл орталықтың ашылуы қала тұрғындарына ғана емес, жалпы еліміздің азаматтарына өз үйінде отырып-ақ, толыққанды медициналық және диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, клиника заманауи жабдықтармен қамтылған. Менің ойымша, бұл барлық алматылық үшін үлкен мүмкіндік», - дейді қалалық мәслихат депутаты Елена Тё.
Жаңадан ашылған клиникада оннан астам бөлім жұмыс істейді. Неврология, гинекология, ортопедия, отбасылық дәрігер кабинеті және басқа да бағыттар қамтылған. Барлығы 200-ге жуық маман қызмет етеді. Олардың көбі Оңтүстік Кореяда білім алып келген.
«Біз медицина қызметкерлерін жылы қарым-қатынас дағдыларына үйретеміз. Сондай-ақ пациенттің өз денсаулығына саналы түрде қарап, дәрігер мен емделушінің процеске бірлесе қатысуына жол ашамыз. Біз үшін әрбір адам маңызды», - деді «Open Healthcare Kazakhstan» корей медицина орталығының бас дәрігері Хи Сок Мин.
Open Healthcare – халықаралық деңгейдегі медициналық желі. Оның филиалдары бүгінде Вьетнам, Корея және АҚШ-та табысты жұмыс істеп келеді. Енді осы серіктес елдердің қатарына Қазақстан да қосылып, Алматы қаласында 5 бірдей филиал өз қызметін атқарып жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің саны 250-ге дейін артпақ.
Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кешені салынбайды: Алматыда №20 мектепті кеңейтуге қатысты тараған қауесетке нүкте қойылды