Көрмеде қазақтың дәстүрлі қолөнерінің сан қырлы үлгілері ұсынылған
2025 жылдың 3 қазанында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде Алматы қаласына «Әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесінің берілуіне орай ALA CRAFT 2025 халықаралық қолөнер фестивалі аясында «Көшпелі бағыттар. Аялдама – Алматы» атты халықаралық қолөнер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеде қазақтың дәстүрлі қолөнерінің сан қырлы үлгілерімен қатар, қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер туындылары да ұсынылған. Олардың қатарында киіз бұйымдары, зергерлік әшекейлер, біз кесте, керамика, ағаштан жасалған бұйымдар, металлды көркем өңдеу, тоқыма өнері және дәстүрлі ұлттық киімдер бар.

Көрменің негізін «Шебер» республикалық байқауы мен «ЮНЕСКО сапа белгісі» халықаралық байқауының жеңімпаздары ұсынған туындылар топтамасы құрайды. Айта кетсек, «Шебер» байқауы «Қазақстандағы қолөнер мен халық кәсіпшілігін жаңғырту» жобасының маңызды әрі ажырамас бөлігі. Байқаудың негізгі мақсаты – республикадағы қолөнер өндірісін дамыту, ұмыт бола бастаған ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлеріндегі қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету.
2025 жылдың 4-5 қазанында Алматы қаласындағы Абай алаңында қалаға «Әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесінің берілуіне орай ұйымдастырылған ALA CRAFT 2025 халықаралық қолөнер фестивалі өтеді. Бұл мәртебе – қазақстандық қолөнершілер шеберлігі мен алматылықтардың өз мәдени мұрасына деген терең сүйіспеншілігінің айғағы.
Фестиваль аясында Алматы қаласына ресми түрде World Craft City (Әлемдік қолөнер қаласы) мәртебесін табыстау рәсімі өтеді. Бұл – қаланың материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және креативті экономиканы дамытуға қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалып, танылуы.

Оқи отырыңыз: Жақыныңызға жылы сөз айтуды ұмытпаңыз: 4 қазанға арналған жұлдыз жорамал