Криптоқылмыстарды тергеу: Алматыда арнайы жиын өтті

06.06.2026 12:19

Семинардың жеке бөлімі криптоактивтерді құжаттау және тәркілеу мәселелеріне арналды

polisia.kz

Алматы қаласы полиция департаментінде Қазақстан Республикасы ІІМ тергеу департаментімен бірлесіп, криптовалюталарды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және оларды тергеу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Іс-шараға тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері, криминалист мамандар, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен криптоталдау саласының сарапшылары қатысты.

Семинар барысында қатысушыларға цифрлық активтерге қатысты қылмыстарды анықтау мен тергеудің заманауи тәсілдері таныстырылды. Әсіресе блокчейн технологияларының жұмыс істеу қағидаттары, криптовалюта биржаларының қызметі және транзакцияларды талдаудың практикалық құралдары жан-жақты түсіндірілді.

Спикерлер тергеу әрекеттері кезінде мобильді құрылғылармен жұмыс істеу ерекшеліктеріне тоқталып, осы санаттағы қылмыстық істерді тергеуде қолданылатын арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін көрсетті.

Семинардың жеке бөлімі криптоактивтерді құжаттау және тәркілеу мәселелеріне арналды. Оның аясында қызметтік криптоәмияндарды пайдалану тәртібі, актив түріне және қолданылатын желіге қарай сыртқы мекенжайларды алу алгоритмдері түсіндірілді.

Кездесу барысында қатысушылар күнделікті қызметте кездесетін өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, нақты мысалдар негізінде практикалық жағдайларды қарастырды.

Мұндай оқыту семинарлары полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ цифрландыру дәуірінде пайда болып жатқан жаңа қылмыс түрлеріне қарсы тиімді тетіктер қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағының 2026 жылғы ең төменгі жеткілікті шегі жарияланды