Референдумға дейін:
2
күн
9
сағат
59
минут

Алматыда маусымдық аллергиямен ауыратындардың саны артты

Дәрігерлер дерттің балалар арасында дендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда маусымдық аллергиямен ауыратындардың саны жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде тұрғындардың шамамен 20–40 пайызы дерттің белгілерін сезінеді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша әрбір төртінші адам маусымдық қабынумен күресіп жүргенін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ шырышты қабықтың асқынуының жыл сайын жасарып бара жатқаны дәрігерлерді алаңдатып отыр. Бұрын көбіне ересектерде кездесетін аллергиялық ринит қазір екі-үш жастағы бүлдіршіндерде де анықталып жатыр 

Алматы тұрғындары қазір маусымдық аллергияны көбіне қарапайым суық тию немесе ЖРВИ-мен шатастырып жатады. Себебі олардың белгілері ұқсас. Тозаңдық аллергия әдетте көктемнің басынан күзге дейін байқалады. Негізгі белгілері: мұрыннан су ағу, бітелу, көздің қышуы, жиі түшкіру, құрғақ жөтел және тыныстың тарылуы. Дәрігерлер дерттің әсіресе балалар арасында дендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Соңғы уақытта аллергиялық ринит едәуір жасарып кетті. Қазір екі-үш жастағы балалар да ауыратын болды. Сондықтан ата-аналар кез келген белгіні инфекция деп ойлап, асығыс емдеуге кірісіп, дәрігердің рұқсатсынсыз балаға антибиотик беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Себебін дұрыс анықтау үшін педиатр немесе аллергологпен кеңескен дұрыс», – деді жоғары санатты аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының докторы Таир Нұрпейісов.

Ақхалаттылар бұл дерттің пайда болуына тұқымқуалаушылық, қоршаған орта, экология әсер ететінін айтады. Сондықтан дәрігерлер өзін-өзі емдеу, әсіресе антибиотиктерді бақылаусыз қолдану қаупін ерекше назарға алып отыр. Ал пандемиядан кейін қалада дәрілік аллергия жағдайы жиілеген екен. Мұндай асқынулар Квинке ісінуі, тіпті анафилактикалық шок түрінде келуі әбден мүмкін.

«Негізі маусымдық аллергия – иммундық жүйенің өсімдіктер тозаңына жоғары сезімталдығынан туындайды. Тозаң тыныс жолдары мен тері арқылы ағзаға түсіп аллергиялық реакция шақырады. Көбіне көктем, жаздың соңғы айларында, күзге дейін кезеңде көп тарайды. Көктемде ағаштың тозаңы, жазда шалғын шөп тозаңдары, күзде арамшөп аллергиялық реакцияға себеп болады», – деді № 1 қалалық клиникалық ауруханасы аллергология бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Құлышева.

Мамандар «аллергиялық ринитті емдеудің бірнеше кезеңі бар» дейді. Ең алдымен, аурудың белгілерін жеңілдету үшін антигистаминдік препараттар қолданылады. Сонымен қатар мұрынға арналған арнайы спрейлер мен көз тамшылары да тағайындалады. Мамандардың пікірінше, маусымдық аллергияның асқынуын болдырмаудың ең тиімді жолы – аллергендермен байланысты мүмкіндігінше азайту және дер кезінде дәрігерге қаралу.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады

Новости партнеров