Іс-шараға әлемнің 18 елінен 500-ден астам ғалым, инженер және өндіріс саласының өкілі қатысуда
Алматыда механик-ғалымдар мен инженерлердің дүниежүзілік конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш күнге жалғасатын іс-шараға әлемнің 18 елінен 500-ден астам ғалым, инженер және өндіріс саласының өкілі қатысуда. Халықаралық жиынның алғашқы күнінде робототехника мен жасанды интеллектіні дамыту, заманауи технологияларды өндіріске енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды. Ауқымды басқосу Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы мен көрнекті ғалым Өмірбек Жолдасбековтің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
«Механика ғылымы Қазақстанда дамығанын, деңгейі бар екенін, мектептердің дамып жатқанын көрсетейік деп осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Ғылыми мұраны да ұмытпай, барлығын қорытындылап отырған жайымыз бар», – деді Ө. А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институының ғылыми жетекшісі Амандық Төлешов.
«Италияда робототехника мен инженерия саласына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта Қазақстанның да ғылыми әлеуеті зор. Осындай халықаралық кездесулер екі ел ғалымдарының тәжірибе алмасуына, бірлескен жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу – маңызды», – деді Рим Тор Вергата университетінің профессоры Марко Чеккарелли.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 625 ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған