Алматыда мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі қашан енгізіледі

29.06.2025 14:25

Ваучерлік жүйе арқылы ата-аналар мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшалардың қызметін төлеуге мүмкіндік алады

primeminister.kz

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Алматы қаласында мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген өңірлердің Пилоттық жобаға көшу кестесіне сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі.

Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты — мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, бәсекелестікті күшейту және ата-аналарға балабақша таңдауда еркіндік беру.

Ваучерлік жүйе арқылы ата-аналар мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшалардың қызметтерін төлеуге мүмкіндік алады.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап ата-аналар мектепке дейінгі білімге арналған ваучерлер ала алады. Алматы қаласында бағдарламаға 988 мектепке дейінгі ұйым қатысады, оның ішінде:

  • o 196 — мемлекеттік балабақша,
  • o 792 — жекеменшік;

Ұйымды таңдау бос орынның болуына байланысты жүзеге асырылады. Ваучер рәсімдеу электронды https://balabaqsha.snation.kz/ порталы арқылы жүргізіледі.

Бағдарламаның мақсаттары:

  • Мектепке дейінгі білімнің барлық әлеуметтік топтар үшін қолжетімділігін арттыру;
  • Ата-аналардың таңдау еркіндігін қолдау және білім беру қызметтерінің икемділігін арттыру;
  • Мектепке дейінгі білім беру саласында жекеменшік секторды дамыту;
  • Бәсекелестік пен қаржыландырудың ашықтығы арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту.

Қалай жұмыс істейді:

1. Ата-аналар https://balabaqsha.snation.kz/ электронды порталы арқылы ваучер алу үшін өтініш береді;
2. Ваучер баланың балабақшада болу құнының бір бөлігін жабады;
3. Қаржыландыру балабақшаға тікелей баланың баруын растағаннан кейін беріледі;
4. Бағдарламаға қатысатын жекеменшік балабақшалар белгіленген сапа стандарттарына сай болуы керек.

Бағдарламаға қатысу үшін ресми порталға https://balabaqsha.snation.kz/ кіріп, ваучер алу үшін өтініш беру қажет.

Оқи отырыңыз: Алматыда жасыл желекке биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр