Алматыда мемлекеттік қызметшілердің құқығы қалай қорғалып жатыр

26.06.2026 18:57

Еңбек заңнамасын бұзған үш мемлекеттік органның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Биыл Алматыда мемлекеттік қызметшінің құқығы қатаң түрде қорғалып келеді. Яғни, жұмыс режимінің сақталуы, еңбек демалысы, іс-сапар шығындарының уақытылы төленуі, заңсыз тәртіптік жаза мен артық жұмысқа тарту сияқты әрекеттерге мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Нәтижесінде 92 азаматқа жалақысын уақытылы төленбегені анықталған. Департаменттің араласуынан кейін барлық қызметкердің еңбекақы бойынша берешегі өтеліп, әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл төленді. Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметке орналасу конкурсына қатыса алмаған тұрғынның өтініші қаралып, техникалық ақау жойылғаннан кейін ол конкурстың соңғы кезеңінен сәтті өтіп, жаңа қызметке қабылданған. Ал еңбек заңнамасын бұзған үш мемлекеттік органның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сәуіде мемлекеттік қызметтегі бос лауазымға конкурсқа қатыстым. Құжаттарымды тапсырып, тестілеуден жоғары нәтижемен өттім. Бірақ құжаттарды қабылдау кезінде техникалық ақау болып, мемлекеттік қызметке өте алмай қалдым. Алғашында мені конкурс жеңімпазы ретінде көрсеткенімен, келесі күні техникалық ақауға байланысты жеңілгенім хабарланды. Осыдан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне жүгіндім», – деді қала тұрғыны Руслан Өрікбаев.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаментпен жүргізіп жатқан жұмыстарының негізгі мақсаттарының бірі – ол мемқызметкердің құқығының бұзылуына жол бермеу. Жол бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке кіретін кандидаттарын да құқығын қорғап жатамыз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұржан Үзбеханов.

Оқи отырыңыз: Алматыда ауаның ластануын азайту үшін LEZ жобасы іске қосылды