Іс-шара шеңберінде «Интернет дәуірі және оқу мәдениетінің құлдырауы» атты халықаралық конференция-фестиваль өтті
Алматыда мың оқушы бір мезетте Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмаларын жатқа оқып, Қазақстан рекордын жаңартуға атсалысты. Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай өткен рухани іс-шара «Оқуға құштар мектеп» және «Балалар кітапханасы» жобалары аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара шеңберінде «Интернет дәуірі және оқу мәдениетінің құлдырауы» атты халықаралық конференция-фестиваль өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Цифрландыру қарыштап дамығанымен кітаптың құны кеміді деуге келмес. Керісінше, бүгінгі форумда ұстаздар мен оқушылар рухани иммунитетті сақтаудың бір жолы – тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру дейді. Ал мына алаңда жиналған оқушылар Абай поэмаларын бір мезетте жатқа оқып, кітаптың қоғамдағы орнын өзгеше форматта айшықтамақ.
«Қаладағы 8 ауданнан кітапханашылар шақырылды. Баспалардың өкілдері келді. Кітап оқимын деген балаларға, ата-аналарға көмек бермек», – деді № 187 жалпы білім беретін мектептің директоры Риза Мырзаханова.
Бүгінгі жиында белгілі суретші Мамыт Басшыбаев құмнан Абайдың бейнесін салды. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері мен оқушыларынан құралған ансамбль ұлттық күй орындап, сахна сәнін аша түсті. Педагогтер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын көрмеге қойып, кітап жәрмеңкесімен таныстырды. Келушілер оқушылардың жасанды интеллект арқылы жасалған ғылыми-шығармашылық жобаларын да жоғары бағалады.
«Оқушыма бағыт-бағдар бердім. Бұл – Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының жасап шығарған дүниесі. Біз оны интеграциялап отырмыз. Қаламсапты «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» деген өлеңге тигізіп көрейік. Ол оқиды», – деді№ 187 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Нұрсұлтан Әмірбек.
Ауқымды іс-шараны Алматы қаласының Білім басқармасы ұйымдастырды. Жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар қалаларынан қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен баспасөз саласының басшылары қатысты. Басқосуда оқу мәдениетінің қазіргі ахуалы мен цифрлық кеңістіктегі жас ұрпақ тәрбиесі кеңінен сөз болды.
«Адамның интеллектуалдық деңгейінің өсуі кітап оқу арқылы дамиды. Жасанды интеллект оның барлығын бере алмайды. Сондықтан балаларды ойлауға, баланың рухани жетілуіне кітаптың, көркем әдебиеттің ықпалы өте зор. Ата-аналар қауымы да, қоғамдық бірлестік те, бүкіл қоғам болып жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек», – деді «Парасатты ұрпақ» қоғамдық қорының президенті Марат Қалимолдин.
Мамандардың айтуынша, технология қанша дамыса да, кітаптың орнын ештеңе алмастыра алмайды. Сондықтан мұндай бастамалар жас ұрпақты оқуға баулып қана қоймай, ұлттық әдебиетке, тіл мен рухани құндылықтарға жақындата түспек. Ұйымдастырушылар да мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты. Айта кетейік, бүгінгі басқосуға 2,5 мыңнан астам адам қатысып, кітап пен руханиятты ұлықтаған ауқымды іс-шараның куәсі болды.
Айжан Дайрабай, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Ұлттық кітап күні: Алматыда кітапханашыларға құрмет көрсетілді