Референдумға дейін:
2
күн
7
сағат
26
минут

Алматыда оқушылар олимпиадаларға виртуалды көмекшінің жетекшілігімен дайындалады

Almaty.tv
Almaty.tv

Мектепке кешіккен оқушылардың аты-жөнін виртуалды көмекші тіркеп отырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мектепке кешіккен оқушылардың аты-жөнін виртуалды көмекші тіркеп отырады. Білім беру жүйесіне жасанды интеллект қызметтері енгізілді. Ол сабақтан қалған балаларды автоматты түрде базаға кіргізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы мектептердің бірінде енгізілген өзгеріс – оқушылардың көңіл-күйі мен ішкі сезімін анықтайтын жедел тест. Оның сілтемесі емтихан алдында әр оқушының ұялы телефонына жіберіледі. Онлайн сауалнамада бірнеше сұрақ көрсетілген, оны толтыруға шамамен 5 минут уақыт кетеді. Бұл сынама арқылы білім алушының стресс деңгейін анықтауға болады. Егер жүйе оқушының жиынтық бағалау тапсырмаларын орындауға психологиялық тұрғыда дайын еместігін анықтаса, онымен мектеп психологы арнайы жұмыс істейді.

«Бұл жүйе бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау кезінде балаларға түсетін артық қысым мен күйзеліс деңгейін азайтуға көмектеседі. Мұғалім сауалнама нәтижесін шамамен бір минут ішінде көре алады. Егер қорытындыға қарай қажеттілік туындаса, ол бірден психологты шақырып, жеке жұмыс жүргізіледі», – деді № 165 мамандандырылған лицей директоры Ернұр Сембеков.

Бұдан бөлек, оқушылар олимпиадаларға виртуалды көмекшінің жетекшілігімен дайындала алады. Ол үшін арнайы бағдарлама қолданылады. Мұғалімдер оған алдын ала қажетті оқу материалдарын жүктейді. Ал оқушы жүйеге өзінің қай сыныпта оқитынын енгізсе, жасанды көмекші құрал автоматты түрде оның деңгейіне сәйкес тапсырмаларды ұсынады. Оған қоса, оларды қалай орындау керектігін де түсіндіріп береді.

«Бағдарламада оқушының деңгейіне сәйкес дайындалуына қажетті барлық функция бар. Мысалы, 7-сынып оқушысы жүйеге кірсе, бот оған 7-сыныпқа арналған қалалық, республикалық олимпиадалардың тапсырмаларын ұсынады. Кейін оқушыға белгілі бір уақыт ішінде орындауы тиіс тапсырма беріледі», – деді әдіскер Ақбота Серікқызы.

Бұл бағдарлама әсіресе мұғалімдерге шапағатын тигізіп тұр. Мәселен, бұған дейін дәріске кешіккен шәкірттерді оқытушылар арнайы журналға түртіп отырса, енді мектепке кірген балаларды ұстаздың орнына камера күтіп алады. Олар камераға қарап, аты-жөні мен сыныбын айтады. Бағдарлама бұл ақпаратты пайдаланып, олардың келу уақытын жүйеге енгізеді.

Айдана Шалқар, Маржан Манапова, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Қазақстанның 200 мың педагогі ChatGPT Edu жобасына қосылады

Новости партнеров