Алматыда өлім-жітім деңгейі төмендеді

06.11.2025 21:30

Қаладағы медицина бағыты бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Алматыда өлім-жітім деңгейі төмендеп, ана мен бала денсаулығы көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін медицина бағыты бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық еткен алқа отырысында саланың негізгі көрсеткіштері таныстырылды.

Айта кетейік, шаһардың медициналық ұйымдарында 18, 5 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді, соның ішінде 5 мыңдайы - дәрігер, 10 мыңға жуығы - орта буын медицина маманы.

«Алматы қаласындағы жеткізген индикатордың көрсеткіштерінің бәрінің деңгейі қаралды. Кешенді түрде жылдың аяғына дейінгі мәселелер талқыланып, соны шешу жолдары қарастырылды», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.

Басқарма басшысы Марат Пашимовтың сөзінше, Алматыда медицина саласын цифрландыру мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Биыл Almaty Digital Medical Center орталығы іске қосылып, жасанды интеллект пен телемедицина бағыттары енгізіліпті. Сонымен қатар 3 ірі стационар қайта жаңғыртылып, жаңа нысандардың құрылысы басталмақ. Ақ халаттылардың басқосуында саланы қаржыландыру, фармацевтика, әлеуметтік медициналық сақтандыру ісіне көңіл бөлінді.

Оқи отырыңыз: Ішімдіксіз ауыл: Атырау облысында ауыл тұрғындары алкоголь сатудан бас тартты