Алматыда өндірістік қалдықтардан құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт іске қосылды

Өндіріс орнының негізі мемлекеттік қаржыландырудың арқасында қаланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрмыстық қалдықтардан құрылыс материалдарын жасап шығаратын зауыт ашылды. Игі бастама Мемлекет басшысының технопарктер құру туралы пәрмені аясында іске асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалдықтарды кәдеге жаратып, құрылыс материалдарына айналдыратын жаңа зауыт 19 түрлі құрғақ құрылыс қоспасын әзірлейді. Кәсіпорын ауысымына 100 тоннаға дейін өнім өндірмек.

Айта кетейік, өндіріс орнының негізі мемлекеттік қаржыландырудың арқасында қаланған.

«1 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін грант енгіздік. Нәтижелер шыға бастады.  Бірақ Президентіміз  маңызды міндет қойды. Ол - өндіріске енгізуге дейін толыққанды экожүйені қалыптастыру», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Зауыт өнімдері осыған дейін бірнеше мәрте Қазақстанның түкпір-түкпірінде сыналған. Соның нәтижесінде сертификат алып, құрылыс компаниялары тарапынан сұранысқа ие болып үлгерген. Одан бөлек, жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл игі бастама тек ғылым-білім, экология емес, ел экономикасына да елеулі үлес қосады. 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, құрылыс саласын дамытуға серпін береді.

«Университет ғалымдары жобаға он жылдың көлемінде жұмыс жасап келеді. Бұл - біздің мега жобамыздың нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, яғни университет инженерлік хаб, технологиялық парк құру бағдарламасы аясында жобаны жүзеге асырып отыр», - деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғылым департаментінің директоры Жанар Жұмаділова

«50 пайызға дейін техногендік қалдықтар қолданамыз, 95 пайыз отандық шикізатты пайдаланамыз. Осылайша толыққанды өндірісті жолға қоя білдік, өндірістің құрал-жабдықтарының бәрін қазақстандық машина жасау компаниясы жасайды. Олар құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп отыр», - деді зауыт директоры Руслан Нұрлыбаев.

Жоба авторлары бұл технологияны тек Алматы емес, еліміздің өзге өңірлеріне де енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ мұнда студенттердің теориялық және тәжірибелік дәрістерін өтуіне жағдай жасалмақ.

Айта кетейік, былтыр қала аумағынан 595 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Ал биыл қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 77 мың тоннаға жеткен.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда шығарындыларға бақылау күшейтіліп, төмен эмиссиялы аймақтар енгізіледі

Новости партнеров