Алматыда онкологияны емдеуге арналған препараттар қалай өндіріледі

07.10.2026 16:44

Институт иондаушы сәулелену көздерін, соның ішінде кобальт, иридий және сурьма изотоптарын өндіреді

Алматыда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге қажетті радиофармпрепараттар өндіріледі. Ядролық физика институтында радиоизотоптарды алудан бастап, оларды өңдеп, дайын өнім шығаруға дейінгі толық цикл жолға қойылған. Оның бір бөлігі арнайы «ыстық камераларда» жүзеге асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ядролық физика институты 1957 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 700-ге жуық маман еңбек етеді. Институт атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында зерттеулер жүргізіп, медицина мен өнеркәсіпке қажетті радиоизотоптар өндіреді. Ыстық камераларда еңбек етудің қыр-сырын меңгерген маман Нұрлан Сүгіржанов мұнда тау-кен өндірісіне, мұнай-газ саласына қажетті, онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеуге арналған дәрілік препараттар дайындалатынын айтады.

Ядролық физика институтындағы ыстық камералар орналасқан аумақта қауіпсіздік қатаң сақталады. Сондықтан қызметкер мен радиациялылық заттың арасын 1 метр қалыңдықтағы әйнек қорғап тұр. Мұнда әртүрлі қызмет атқаратын 5 камера жұмыс істейді. Олар тау-кен өндірісі, газ-мұнай саласына, онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеуге арналған дәрілік препараттар шығарады.

«Иридий реакторда сәулелендіріліп, арнайы арба арқылы 5-камераға әкелінеді. Онда қапталып, контейнерге салынған соң дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Дайын өнім тікелей тапсырыс берушіге, мұнай және газ компанияларына жөнелтіледі», – деді Ядролық физика институтының инженері Нұрлан Сүгіржанов.

Жоғары белсенді радиоактивті материалдармен жұмыс арнайы бокстарда жүргізіледі. Ыстық камералардың ішінде қарау терезелері мен қашықтан басқарылатын манипуляторлар бар. Үш метрлік құрылғылар көмегімен мамандар ондағы материалдарды сырттан басқара алады. Дәл осы жерде онкологиялық аурулардың алдын-алу мен емдеуде қолданылатын йод-131 және молибден-99 негізіндегі генераторлар өндіріледі. Ал иридий  және цезий сияқты радиоизотоптар өнеркәсіпте пайдаланылады.

«Бізге табиғи материалдар келеді. Яғни, олар жер қойнауынан алынады. Бірақ сәулелендірілгеннен кейін радиоактивті қасиетке ие болады. Кейін бұл материалдар өнеркәсіпте немесе медицинада пайдаланылады. Медицинаға өндіретін өнімдеріміздің барлығы сұйық күйде, ал өнеркәсіпке арналған барлық изотоптарымыз қатты күйде шығарылады», – деді Ядролық физика институтының инженері Санат Дауылбаев.

Ядролық физика институтында өндірілетін радиоизотоптар медицина мен өнеркәсіптің түрлі салаларында қолданылады. Институт иондаушы сәулелену көздерін, соның ішінде кобальт, иридий және сурьма изотоптарын өндіреді. Кобальт Германия, Франция және Ресейге экспортталады. Ал олардың қауіпсіз өңделуіне ыстық камералар мүмкіндік береді. Мұнда әр радиоактивті материал белгіленген технология бойынша қажетті өнімге айналады.

Олжас Омарбек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда жылу болмаған жағдайда қайда хабарласу керек

Толық көрсету