Алматыда полиция жол қауіпсіздігін бақылауға алды

19.02.2026 10:44

Құқықбұзушылықтар автоматтандырылған бейнебақылау жүйелері арқылы тіркеледі

polisia.kz

Алматы қаласында полицияның саптық бөлімшелері жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау мақсатында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар мен нысаналы тексерулер жүргізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған жұмыстар шетелдік тіркеудегі автокөлік құралдарын да қамтиды.

Іс-шаралар барысында құқықбұзушылықтар автоматтандырылған бейнебақылау жүйелері арқылы тіркеледі. Бұл өз кезегінде жылдамдықты арттыру, тыйым салынған аумақтарға шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту және өзге де заң бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Айыппұлдарды уақытылы төлемейтін жүргізушілерге ерекше назар аударылады.

Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Жақыпбаевтың айтуынша, айыппұлдарды дер кезінде төлеу – заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қосылған үлес.

- Алматы қаласының полициясы жолдардағы тәртіпті нығайту мақсатында тұрақты түрде рейдтер мен нысаналы іс-шаралар өткізеді. Құқықбұзушылықтар автоматты режимде тіркеледі, ал жол қозғалысы ережелерін сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жүргізушілерді айыппұлдарды уақытылы төлеуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – деп атап өтті Дидар Жақыпбаев.

Аталған іс-шаралар жүйелі негізде жалғасады. Анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат жүргізушілерге профилактикалық мақсатта жеткізіліп, жол қозғалысы мәдениетін арттыру мен заң талаптарына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталады.

Оқи отырыңыз: «Заң және тәртіп» қағидаты: Алматыда Ұлттық ұлан сарбаздары қызметке кірісті