Алматыда салық төлеушілерге арналған ашық есік күні өтті

30.05.2025 16:23

30-ға жуық азамат мамандардан кеңес алды

Алматыда салық төлеушілерге арналған ашық есік күні өтті. Мамандар мекеме ғимаратының алдына шатыр құрып, тұрғындарға кеңес берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азаматтар кезекке тұрмай-ақ салық саласына қатысты сұрақтарына жауап ала алды. Кеңес сұрағандардың көбі – өз ісін дөңгелетіп жүргендер. Олар жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті ашу немесе жабу жолын, салықтық есептіліктердің тапсырылатын мерзімі мен толтыру тәртібін, электронды сервистерді қолдану мәселелерін көтерді. «ҚОЛДАУ» акциясы төрт сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде 30-ға жуық азамат мамандардан кеңес алды. Іс-шараны Жетісу аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы мен қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті бірлесіп өткізді.

«Ең басты мақсат – салық төлеушілерге Салық кодексін өте қарапайым тілде жеткізу. Барлық енген өзгерістерді айту, және салық кезеңдерін түсіндіру. Іс-шаралар әрбір кірістер басқармасында бейсенбі сайын өтеді. Сағат 10:00-ден бастап барлық салық төлеушілер кезексіз келіп, сұрақтарына жауап ала алады», – деді Жетісу ауданы бойынша МКБ салық төлеушілермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Әйгерім Думшебаева.

Оқи отырыңыз: Халық заңгері – 2025: тегін құқықтық көмек берілетін жалпыреспубликалық акция өтеді