Алматыда санитариялық авиацияға арналған тікұшақ алаңы жаңғыртылды

08.10.2026 09:52

Мегаполисте шұғыл ден қою инфрақұрылымы дамып келеді

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Алматыға жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы филиалының аумағында орналасқан модульдік тікұшақ алаңымен танысты. ТЖМ нысанды бес ай ішінде жаңғыртты. Алаңның медициналық мекеме аумағында орналасуы науқастарды әуе көлігімен ауруханаға жеткізіп, оларды жедел түрде дәрігерлерге тапсыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, нысанның аумағы 1 000 шаршы метрден асады. Тікұшақ алаңы жыл бойы және тәулік бойы максималды ұшу массасы 13 тоннаға дейінгі әуе кемелерін қабылдауға арналған. Ол қажетті жабдықтармен, командалық-диспетчерлік пунктпен және автономды энергиямен жабдықталған. Мұндай мүмкіндіктер балаларды, ауыр науқастар мен зардап шеккендерді таулы және жетуі қиын жерлерден шұғыл эвакуациялау кезінде аса маңызды.

Аурухана аумағында Мұрат Мұханов медициналық мекеме басшылығымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, «Барыс» жедел әмбебап құтқару жасағының жұмысымен танысты. Оның құрамына өрт сөндірушілер, құтқарушылар және медицина қызметкерлері кіреді. Бұл құтқару жұмыстарын жүргізу және шұғыл көмек көрсету кезінде қажетті күштерді бір жерге жұмылдыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін ТЖМ №4 қалалық клиникалық аурухананың аумағындағы осындай тікұшақ алаңын жаңғыртқан болатын.

2026 жылдың тоғыз айында ТЖМ авиациясы санитариялық авиация желісі бойынша 486 рет ұшу орындап, 466 пациентке медициналық көмек көрсетілді. Әуе кемелері ауыр науқастар мен зардап шеккендерді эвакуациялау, сондай-ақ медициналық бригадаларды жеткізу үшін пайдаланылады. Медициналық мекемелер жанында тікұшақ алаңдарының орналасуы оқиға орнынан ауруханаға дейінгі жолды қысқартып, қажетті қызметтердің медициналық көмек көрсетуге жедел кірісуіне мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда қайталама шикізатты жинау мен қайта өңдеуге арналған экоакция өтеді

Толық көрсету