Жоба Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы негізінде жоспарға сәйкес орындалуда
Алматы қаласында көше-жол желілерін орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда қаланың маңызды көшелерінің бірі – Шемякин көшесінде жол жабынын жаңарту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жобаның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының инженерлері құрылыс алаңында тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізуде. Мамандар жол-құрылыс материалдарының сапасын және асфальтбетон жабынын төсеу технологиясының талаптарға сәйкестігін тексеруде. Жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым жүзеге асыруда. Жоба Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы негізінде жоспарға сәйкес орындалуда. Тексеру барысында құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін филиалдың аккредиттелген зертханасына жолданды. Сараптама нәтижелері материалдардың қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді.
«Жол сапасын қамтамасыз ету – қауіпсіз әрі жайлы көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Сондықтан біздің мамандар жөндеу жұмыстарының әр кезеңін бақылап, қолданылатын материалдардың сапасын зертханалық сынақтар арқылы тексеріп отырады», – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының инженері Дәурен Қажымұқанов.
Айта кетейік, Алматы қаласында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматы хайуанаттар бағында канадалық сілеусіндер пайда болды