Алматыда шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды

15.01.2025 20:40

9 турдан тұратын чемпионат 25 қаңтарға дейін жалғасады

Алматыда шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар уақыт бақылаудың барлық нұсқасы бойынша бақ сынайды. 10 күндік жарысқа әлем, Азия және Батыс Азияның жүлдегерлері қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

Шахмат тақтасында небәрі 64 шаршы ғана бар, бірақ дәл осы алаңда миллиондаған идеялар, жоспарлар және комбинациялар туындайды. Бұл әрбір жүрістің артында үлкен еңбек, ізденіс пен тәжірибе жатыр. Дәл бүгінгі чемпионатқа 17 облыс пен 3 маңызы бар қаладан 948 қатысушы келген. 

Жас шахмат шеберлерінің байқауы жарысқа қатысушылардың флешмобымен басталды. Өнерлі өрендердің мың бұралған биі көпшілікті тәнті етті. Іс-шара аясында Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол 2024 жылғы жетістіктерді саралап, таланттардың отандық шахматтың дамуына қосқан үлесін атап өтті.

"Былтыр 92-ге жуық "Қазақстан шахмат федерациясының" ұйымдастыруымен республикалық, халықаралық жарыстар өтті. Біздің шахматшыларымызды 7 жастан – ардагерлерге дейін санайтын болсақ 160-тан аса медальға ие болды. Мұның барлығы жалпы Қазақстанда шахмат өте жақсы дамып келе жатыр", - деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов.

Чемпионат барысында жылдағы жарыстың дәстүрлі бөлігіне айналған античитерлік тексеру мұқият жүргізілгенін айта кетейік. Одан кейін жас шахматшылар өз орындарына жайғасып, жарыстың алғашқы кезеңін бастап кетті. Қатысушылар қатарында әлем, Азия және Батыс Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары бар.

"Бұл - мен қатысып жатқан бес-алтыншы чемпионат. Шахматпен 5 жасымнан бастап айналысамын. Мақсатым блиц, рапид, классика түрлерінен бірінші орын алу және барлық қатысушыға сәттілік тілеймін", - деді әлем чемпионатының жүлдегері Елназ Қалиахмет.

9 турдан тұратын чемпионат қаңтар айының 25-іне дейін жалғасады. Үздіктер анықталып, жеңімпаздарға 2025 жылы өтетін беделді халықаралық турнирлерде Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Енді пара беруге уәде еткендер де қылмыстық жауапқа тартылады