Дәрігерлердің айтуынша, скринингтің басты мақсаты - ауруды асқынған кезде емес, бастапқы кезеңінде анықтау
Алматыдағы №8 қалалық клиникалық аурухана директорының емхана жұмысы жөніндегі орынбасары Наргиз Әбдіхалық скринингтің маңызы мен тексеру кезінде анықталған аурулар туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv
Емхана қызметкерлері азаматтарға телефон шалып, скрининг пен профилактикалық тексеруден өтуге шақырады. Бірақ бәрі бірдей дәрігердің сөзін құлағына іле бермейді. Кейбірі тексерілуден бас тартса, енді бірі телефон соққан медицина қызметкерлерімен дөрекі сөйлеседі.
Денсаулыққа бейжай қараудың салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті мен қатерлі ісіктің кейбір түрі бастапқы кезеңде айқын белгі бермеуі мүмкін.
2026 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда келесідей профилактикалық тексерулер жүргізіледі:
- 18 жасқа дейінгі балалар жыл сайын профилактикалық қарап-тексеруден өтеді.
- 18 жастан бастап В және С вирустық гепатиттеріне үш жылда бір рет тексеріледі.
- 30-76 жас аралығындағы азаматтар артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және глаукомаға екі жылда бір рет тексеріледі. Бұл жастағы әйелдер жатыр мойны обырына төрт жылда бір рет скринингтен өтеді.
- 40-76 жастағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі жылда бір рет маммография жасатады.
- 50-76 жастағы азаматтар тоқ және тік ішек обырын анықтау үшін екі жылда бір рет скринингтен өтеді.
Тексерулер азамат тіркелген емханада тегін жүргізіледі. Ал жұмыс істейтін азаматтарға скринингтен өту үшін жылына үш жұмыс күніне дейін жалақысы сақталатын уақыт беріледі.
Тоғыз айда 140 адамнан диабет немесе диабет алдындағы жағдай анықталған
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында №8 қалалық емханада скрининг нәтижесінде:
- 161 адамнан қанайналым жүйесінің аурулары;
- 140 адамнан диабет алдындағы жағдай немесе қант диабеті;
- 20 адамнан глаукома;
- 30 адамнан мидың қан тамырлары мен қан айналымына байланысты аурулар анықталған.
«Мұндай көрсеткіш - денсаулығымызға назар аударуымыз керек екенін көрсететін маңызды белгі», - дейді Наргиз Әбдіхалық.
Бұл сандардың артында нақты адамдардың тағдыры тұр. Уақытында тексерілмесе, ауру асқынып, емдеу де қиындай түсуі мүмкін. Ал ерте анықталған дертті бақылауға алып, асқынудың алдын алуға мүмкіндік бар.
Скрининг кезінде қатерлі ісік те анықталған
Сүт безі обырына тексеруден 830-нан астам әйел өткен. Нәтижесінде 27 әйелден обыралды өзгерістер анықталып, екі әйелге сүт безі обыры диагнозы қойылған. Қазір олар диспансерлік есепке алынып, ем қабылдап жатыр.
Жатыр мойны обырына арналған скринингтен 600-ден астам әйел өткен. Олардың 24-інен обыралды өзгерістер табылған. Қазір бұл пациенттер гинекологтардың бақылауымен емделіп жатыр.
«Ауруды дер кезінде анықтап, емдеу оның асқынуының алдын алуға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті емхана меңгерушісі.
Скрининг - жай ғана жоспар үшін жасалатын тексеру емес. Бұл - өзіміз байқамаған ауруды дер кезінде анықтаудың мүмкіндігі.
Сондықтан емханадан хабарласқанда, «еш жерім ауырмайды» деп бас тартуға асықпаңыз. Кейбір ауру ұзақ уақыт бойы белгісіз өтуі мүмкін. Ал денсаулыққа келгенде, уақытты өткізіп алғаннан гөрі, алдын ала тексерілген әлдеқайда дұрыс.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бүйрек ауруларын емдеу стандарты жаңартылды