Алматыда табиғи өрттің алдын алу шаралары күшейтілді

17.07.2026 20:31

Мегаполисте өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 80-ге жуық рейд өткізілді

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы Алматыда тілсіз жаудың алдын алу шаралары күшейтілді. 26 наурыздан бері Төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғау органдары, орман шаруашылығы қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп 80-ге жуық рейд өткізген. Рейд нәтижесінде 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жыл басынан бері Алматыда құрғақ шөптің жануына қатысты 103 оқиға тіркеліп, жалпы 4 гектар аумақты жалын шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрттің шығуына адамдардың салғырттығы мен қоқыс тастауы себеп болады. Әсіресе, шыны бөтелкелер мен олардың сынықтары үлкен қауіп төндіреді.

Шілденің шіліңгір ыстығында құрғақ шөптің тұтану қаупі айтарлықтай артады. Бұған бірнеше себеп бар. Жүргізушілер жол жиегіне тастап кеткен темекі тұқылынан бастап, мынадай шыны бөтелкелерге дейін. Мамандардың айтуынша, күн сәулесі түскен кезде шыны лупа сияқты әсер етіп, құрғақ шөптің тұтануына себеп болуы мүмкін.

«Алматы қаласы бойынша құрғақ шөптің жануы ең көп тіркелетін аумақ – Алатау ауданы. Біз аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біздің және аудан әкімдігінің тарапынан көптеген техника жұмылдырылған. Жүргізушілер жол жиегіне темекі тұқылын тастап кетеді. Сол кезде құрғақ шөп жанып, өрт үлкен алқапқа таралмауы үшін минералдық жолақтар жүргізіледі», – деді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Еркебұлан Төлеу.

Өрттің алдын алу үшін қалада қаупі жоғары 38 аумақ анықталған. Бүгінге дейін 215 гектарға жуық жерде құрғақ шөп шабылып, 118 шақырым минералдық жолақ салынған. Ашық аумақтың басым бөлігі Алатау ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда 80 гектардан астам жердің шөбі шабылып, 61 шақырым минералдық жолақ жүргізілген.

«Бізде мердігер мекемелер бар. Олар күн сайын қураған шөпті шабу, тазалау және сыртқа шығару жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар Алатау ауданының Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, минералдық жолақтар жасау, яғни қураған шөп пен жасыл желектің арасын тазалау және жер жырту жұмыстарын атқарып жатырмыз», – деді Алатау ауданы Көріктендіру бөлімінің бас маманы Мәдияр Абуев.

Бүгінде шаһарда өрт ошақтарын ерте анықтау үшін заманауи технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. «Медеу» табиғи паркінде арнайы камералар мен оптикалық-сенсорлық кешендерді қамтитын орталықтандырылған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Көктөбе» мұнарасы мен Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орнатылған бейнекамералар да тәулік бойы бақылау жүргізеді. Бұл жүйе өрт белгілері анықталған жағдайда жедел қызметтерге автоматты түрде дабыл жібереді.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бір QR-код барлық банкте: Қазақстанда жаңа төлем жүйесі іске қосылады