Алматы облысы бойынша Қарасай, Іле және Талғар аудандары қамтылған
Алматы қаласы мен Алматы облысында тозығы жеткен электр желілері жаңғыртылып жатыр. «Алатау жарық компаниясы» өкілдері 2026-2027 жылдары жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асатын әуе және кабель желілерін қайта құрып, 7 мың 845 жаңа темірбетон тірек орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаңғырту жұмыстарының басты мақсаты – электр желілерінің өткізу қабілетін арттырып, тұтынушыларды тұрақты әрі сапалы жарықпен қамтамасыз ету. Қазір 110 киловольттық №103А/104А жоғары кернеулі желісі реконструкцияланып жатыр. Ескі сымдар заманауи композиттік сымдарға ауыстырылып, тірек бағаналары жаңартылмақ.
«2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде Алматы қаласының Алмалы, Бостандық, Жетісу, Наурызбай және Медеу аудандарында жалпы ұзындығы 210 шақырым болатын кабельдік желілерді қайта салу жоспарланған», – деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ Құрылыс басқармасы техникалық бақылау бөлімінің бас маманы Ислам Телемисов.
Қала ішінде №6А, №3А және №168А қосалқы стансаларынан таралатын 6 киловольттық желілерді 10 киловольтқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Алмалы, Алатау және Наурызбай аудандарындағы 0,4 киловольттық тарату желілері жаңартылуда. Ал Алматы облысы бойынша Қарасай, Іле және Талғар аудандары қамтылған. Мұнда 150 шақырымнан асатын желі қайта жаңғыртылып, 5 мыңнан астам жаңа темірбетон тірек орнатылмақ.
«Аталған жобаларды іске асыру электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, технологиялық ақаулар санын азайтуға және Алматы қаласы мен Алматы облысын одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ Құрылыс басқармасының бас маманы Ерсін Зейтай.
Компания мәліметінше, бұл жобалар электр желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, техникалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аяқталған соң желілердің тозу деңгейін 5,4 пайызға қысқарту жоспарланған. Нәтижесінде Алматы қаласы мен облысында электрмен жабдықтау сапасы артпақ.
Айжан Дайрабай, Алишер Ерғалиұлы