Алматыда туризм - қала экономикасының негізгі қозғаушы күші

11.06.2026 21:32

Алматыда туризм қала экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Себебі, биыл бірінші тоқсанда салаға тартылған инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайыз көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы тек елде ғана емес, Орталық Азияда танымал туристік аймаққа айналған. Жуырда ғана Сеулде өткен ірі туристік көрмеде мегаполис қырық елді басып озып, халықаралық марапатқа ие болды.

Ал былтыр Оңтүстік Кореядан Қазақстанға 41 мыңнан аса корей азаматы сапарлапты. Соның тең жартысы Алматыға келген. Қалалық туризм басқармасының мәлімдеуінше, мұндай бастамалар мегаполистің әлеуетін шетелдік аудиторияға кеңінен көрсетіп, танымалдылықты арттыруға ықпал етеді. Алайда осындай іс-шараларға қатысып, нақты нәтиже мен жетістіктерді көрсету үшін саланы қаржыландыру өте маңызды екені белгілі.

Айта кетейік, биыл алғашқы 3 айда шаһардың туризм саласына 25 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылыпты. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,8 пайыз жоғары. Аталған қаражат әуе жолаушылар тасымалын, ойын-сауық индустриясын, демалыс орындарын және қалалық мобильділікті дамытуға бағытталған. Нәтижесінде қазынаға түскен салық көлемі де өсім көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсам, бірінші тоқсанда жергілікті бюджетке 22 миллиард теңгедей салық түскен. Ал былтыр бұл сома 10 пайызға кем болған. Бұл ретте негізгі табыс көздері – қоғамдық тамақтану, ойын-сауық, қонақ үй қызметі мен жолаушы тасымалы.

Алматы қаласы бұрыннан іскерлік пен мәдениеттің орталығы саналады. Алайда соңғы жылдары түрлі салада ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылатын алаңға айналып барады. Неге десеңіз, танымал шетелдік әншілердің концерттері, фестивальдер мен спорттық жарыстар ішкі туризмді ғана емес, сыртқы туризмді де дамытып отыр. Бұл қаланың имиджін қалыптастырып қана қоймай, мегаполис экономикасына қомақты қаржы тартуға ықпал етуде. Сарапшылардың мәліметінше, алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы матчтың өзі ғана шетелдік қонақтардың шығынын 16 пайыз арттырған.  Ал Дженнифер Лопестің концертіне сырттан келген туристер 11 пайызға көп қаражат жұмсапты. Бұл ретте олар тек мәдени іс-шараны тамашалап қоймай, келесі күні шаһардың тартымды жерлерін аралаған. Осылайша, қонақ үйлер мен мейрамханалар, сауда орталықтары мен демалыс орындары да қомақты қаржы тапқан. Осы тұста экономист мамандар көрікті аймақтардың инфрақұрылым мәселесі назардан тыс қалмаса дейді.

«Сырттан келген туристердің көбірек қаржы қалдырып кету мәселесін, логистикалық тізбек, туристік орындардың тізбегін қамтамасыз ету керек деп есептеймін. Келген азаматтар Алматы қаласындағы көрікті, әсем жерлерді, қаланың мүмкіндіктерін, өзге де туристік тарихи аймақтардың бәрін көріп кетуіне арнаулы мүмкіндігінше инфрақұрылымдық жобаларды жасау керек. Осы бағыттағы жұмыстар дұрыс жүзеге асатын болса, қала экономикасы едәуір қаражат табатыны сөзсіз», – деді  экономист, сарапшы Мақсат Халық.

Алматы бүгінде жиһангездер үшін тек әсем табиғатымен, көрікті жерлерімен емес, ірі халықаралық жобаларымен де тартымды. Бұған қалада тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген фестивальдер, көрмелер мен спорттық турнирлер куә. Соның бірі – жуырда өткен The Spirit of Tengri фестиваліне 50 мыңнан аса адам қатысыпты. Жауаптылар мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады. Осындай іс-шаралардың арқасында биыл мегаполиске 800 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп күтілуде. Демек қала имиджі одан сайын нығайып, экономикаға түсетін табыс көлемі де артады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қор биржасы цифрлық активтерге арналған жаңа платформаны таныстырды