Алматыда «Ұлттық реставрация орталығы» ашылуы мүмкін

Ұлттық кітапхананың қорында 40 мыңнан астам сирек кездесетін кітап пен қолжазба бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Ұлттық реставрация орталығы» ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарғайған парақтар, мүжілген мұқабалар. Әр бетінде бір дәуірдің ізі, бір халықтың тағдыры жатыр. Мамандардың айтуынша, көне кітаптар мен қолжазбалар тек ақпарат көзі емес. Олар – ұлттық кодтың бір бөлігі. Күн тәртібіндегі келелі мәселенің бірі – осынау маңызды мұраны сақтап, келер ұрпаққа өзгеріссіз ұсыну. Бірақ бір парақтың өзін қалпына келтіру аса ұқыптылық пен ыждақаттылықты талап етеді.

«Кітапханада XII ғасырдан бастап құжаттар, қолжазбалар сақталған. Ол құжаттарды қалпына келтіру оңайырақ. Ал ХІХ-ХХ ғасырдың құжаттарын қалпына келтіру сәл қиындау боп келеді. Өйткені ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қағаздың құрамында лигнин ағашы массасы өте көп қосылған», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісі Аида Шоманова.

Бүгінде елімізде мұндай маңызды міндетті мойнына алып, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізетін маман тапшы. Өйткені, бұл кәсіп бойынша оқытатын жоғары оқу орындары жоқ. Ал реставраторлар өздері білім беру курстарын ұйымдастырғанымен, көп маман бұл салада қызметін жалғастырудан бас тартады екен. Өйткені аталған іске қолдау аз.

«Айлықтың аз.  Музей, архив, кітапхана саласында 25 жылдан бері реставратор мамандарды дайындаймыз,. Оқып кетеді, бірақ уақыт өте келе олар айлықтың аз болуы себепті басқа да мамандықтарды таңдап кетуі мүмкін», – деді Аида Шоманова.

Бүгінде мамандар бұл бағытта жүйелі қолдау қажет екенін айтады. Арнайы оқу орталықтарын ашу, тәжірибе алмасу бағдарламаларын енгізу және жастарды тарту – саланы сақтап қалудың негізгі жолы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Алматыдағы Ұлттық кітапхана білек сыбана кіріскен. Мәдени орданың директоры Ғазиза Нұрғалиеваның айтуынша, кітапхана базасында «Ұлттық реставрация орталығын» ашу жоспарда бар.

«Демеуші, инвестор іздеп жатырмыз. Ол – өте керек дүние. Ол жерде лабораториядан бөлек, оқу-семинар класын ашсақ, арнайы бағдарлама жасасақ. Ол жай ғана бір қағазбен, желіммен жабысатын жұмыс емес. Ол – үлкен процесс. Мамандар химиялық қоспалармен жұмыс істейдә, – деді ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева.

 Сондай-ақ Ұлттық кітапханада реставраторлардың біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдайтын халықаралық жоба бастау алды. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінен 30 маман қатысып, шетелдік реставраторлардан дәріс алды.

«Үш аптаға созылатын жобамызды бастадық. Қазақстанда осындай іспен айналысып жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл жобаның басты мақсаты – мәдени, ұлттық мұраларды барынша сақтау. Іс-шара еуропалық STERNA бағдарламасының аясында іске асып жатыр», – деді Грекия Ұлттық кітапханасының кітап және қағаз консерваторы Никлас Саррис.

Ұлттық кітапхананың қорында 40 мыңнан астам сирек кездесетін кітап пен қолжазба бар. Жыл сайын оның 100-ге жуығына күтіп баптау, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ оларды цифрландыру ісі басты назарда

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Өтеген Оралбайұлы: Мұхтар Шаханов – өлең өрнегінде өз мектебін салған ақын

Новости партнеров