Өтеген Оралбайұлы: Мұхтар Шаханов – өлең өрнегінде өз мектебін салған ақын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қош, қазақ әдебиетінің қара нары! Осылай деп бүгін күллі қазақ оқырманы күңіреніп тұр. Себебі шындық шырақшысы, қаламын қару еткен қайраткер, жазушы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Оның шығармалары қазақ поэзиясына жаңа леп, тың тыныс әкеліп, ұлттың мұңы мен арманын айшықтай білді. Сондай-ақ ел мен жер тағдырына қатысты өткір ой айтып, әділеттің сөзін сөйлей білді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайсар қалам иесінің қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы хабар болды. Өйткені, Мұхтар Шаханов Түркістан өңірінің Қасқасу ауылында дүниеге келген қарапайым ауыл баласынан уақыт өте келе, тұтас дәуірдің үнін сөйлеткен ірі тұлғаға айналды. Ол әдебиет айдынына кездейсоқ келген жоқ, жанына жүк болған шындықты айту үшін келді. Қаламгердің «Отырар дастаны», «Өркениеттің адасуы», «Ғасырлар тоғысында» сынды еңбектері оқырманын терең ойға жетелеп, рухани ізденіске шақырады. Сондай-ақ Шаханов шығармалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылып, ұлттық әдебиетті жаһандық кеңістікке танытты.

«1959 жылы алғашқы «Сырдария» деген өлеңімен қазақ поэзиясына есігін айқара ашып келіп, 1966 жылы, 60 жыл бұрын алғашқы «Бақыт» деген кітабымен көрінген. Одан кейінгі жылдарда ол кісінің көптеген балладалары, поэмалары жарық көрді. Әсіресе, сюжетті поэзияда бұл кісінің алдына түскен адам жоқ», – деді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Жақып.

Қазақтың «қара нары» атанған қайраткер тек жыр жазумен шектеліп қалған жоқ. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында ұлт намысын қорғап, Арал теңізінің экологиялық қасіретін алғаш көтергендердің бірі ретінде ел есінде қалды.

«Арал проблемасын айтуға маған 3 минут 5 минут сөз берсеңіздер деп өтініш жасадым. Сол кезде Горбочев «Шахановқа 3 минут сөз беріңіздер» деді. Ал маған сөз бергенде, Арал жөнінде бір ауыз сөз айтқан жоқпын. Желтоқсан шындығын жайып салдым», – деген сұхбаттарның бірінде Мұхтар Шаханов

Сонымен қатар Мұхтар Шаханов ана тілінің тағдыры таразыға түскен шақтарда да үнсіз қалмай, ұлттық рухтың жалауын жықпады. Сондай-ақ уақытында тойлауға тыйым салынған Наурыз мейрамын қайта жаңғырту жолында да белсенді еңбек етіп, ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрдің қайта түлеуіне үлес қосты.

«Қазақта жауынгер, батыр ақын Махамбет дейтін болсақ, екінші Махамбетіміз – Мұхтар Шаханов еді. Ол Наурыз мейрамын қазаққа бірінші алып келуге еңбек сіңірген», – деді  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Шындықтың шырақшысы атанған ақын тек сөз өнерінде ғана емес, ән әлемінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Оның сөзі мен сазы үйлесім тапқан «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Мен саған ғашық едім» секілді туындылары бүгінгі таңда тыңдарман жүрегінен орын алып, кеңінен танылды.

«Мұхтар Шахановтың поэзиядағы ерекшелігі бір бөлек. Ол – өлең өрнегінде өзінің мектебін салған ақын. Өлеңнің буынын, ырғағын, мазмұнын, философиясын жаңа биік деңгейге көтерген ақын», – деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы.

Ұлы тұлғалардың достығы да ұлы. Әлемге әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов арасындағы рухани жақындық — соның айқын дәлелі. Қазақтың қара нары шетелдің даңқты жазушыларымен де етене араласқан.

«Дүниенің мықты тұлғалары, ұлы ақындары, жазушыларымен араласты. Мысалы, Башқұрттың Мұстай Кәрім, қалмақ ақыны Давид Кугольдиновпен, Әзірбайжанның жазушысы Анармен, Қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовпен, орыс халқының ұлы ақыны Евгений Евтушенкомен достығы халықтың көз алдында», – деді Бауыржан Жақып..

Қазақ халқына біткен бірегей тұлға Мұхтар Шаханов сұхбаттарының бірінде ұлт болып ұйысудың, ұлт рухын сақтаудың басты шарттарын терең толғап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Ақынның бұл ой-тұжырымдары «Төрт ана» өлеңінде көркем тілмен кестеленген..

«Әлемнің 20-дан астам мемлекетінің мектеп оқулығына енген «Төрт ана» деген өлеңім бар. Сонда «әрбір адамда өзінің анасынан басқа,  төрт ана болу керек». Яғни туған жері, туған тілі, жан байлығы салт дәстүрі және туған тарихы» – деген сұхбаттарның бірінде Мұхтар Шаханов

Мәди Мәлік

 

 

Новости партнеров