Мамандардың болжамынша, 2028 жылдың соңына қарай Алматыдағы қонақүй нөмірлерінің саны 1,4 есеге артады
Алматыда жыл соңына дейін 8 жаңа қонақүй ашылмақ. Осылайша мегаполистің туристерді қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Ал 2028 жылға қарай қаладағы орналастыру орындарының сыйымдылығын шамамен бір жарым есеге ұлғайту көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыға келетін саяхатшылар қатары артқан сайын, оларды орналастыруға деген сұраныс та ұлғайып келеді. Жыл басынан бері шаһарда 26 жаңа қонақүй ашылды. Қазір қалада туристерді қабылдайтын жалпы 448 нысан жұмыс істейді. Олар бір мезетте 26,5 мыңнан астам мейманды орналастыра алады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғаспақ. Қазір шаһарда тағы 87 қонақүй жобасы әртүрлі кезеңде тұр.
– Туризмнің дамуы ең алдымен инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан қаладағы қонақүй қорын кеңейтіп қана қоймай, оның сапасын да арттыруымыз қажет. Бұған Алматының әлеуеті жеткілікті. Сонымен қатар әлемдік брендтерді тартуға басымдық берген жөн. Қызмет көрсету деңгейін көтеріп, Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілетін арттыру да маңызды, – деді Қазақстан қонақүйлері мен мейрамханалары қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова.
Мамандардың болжамынша, 2028 жылдың соңына қарай Алматыдағы қонақүй нөмірлерінің саны 1,4 есеге артады. Мұндай қарқын ең алдымен шаһарға саяхаттаушылар қатарының көбеюімен байланысты. Былтыр Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Оның 800 мыңға жуығы – шетел азаматтары. Сарапшылардың дерегінше, шетелдік туристердің Алматыдағы шығыны 40 пайызға өскен.
– Мен Техастан келдім. Жол ұзақ болды, бірақ Алматының табиғатын көргенде шаршағанымды ұмытып кеттім. Бізде мұндай биік таулар мен әдемі табиғат жоқ. Маған әсіресе айналаның жасыл әрі таза болғаны ұнады. Қазір қаланы аралап, жергілікті мәдениетпен танысып жүрмін. Әзірге алған әсерім жақсы, – деді АҚШ-тан келген турист Мишель Айрик.
Шаһарда туристер санының артуы қонақүйлерге деген сұранысты ғана көбейтпейді. Алматы меймандарды көп қабылдаған сайын жол, қоғамдық көлік, коммуналдық желілер мен қалалық кеңістіктерге түсетін салмақ та ұлғаяды. Сондықтан туризмді дамыту мегаполистің тұтас инфрақұрылымын қатар жетілдіруге тікелей байланысты.
Мәди Мәлік, Адель Ақжаркенова, Almaty TV.