Аптап ыстықта тағамнан уланудың алдын алу жолдары айтылды
«Аптап ыстықта дұрыс сақталмаған тағам денсаулыққа қауіп төндіреді». Осылай деп дәрігерлер дабыл қағып отыр. Себебі Алматыда жыл басынан бері бактериялық тағамнан уланудың 32 дерегі тіркелген. Оның жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Десе де, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шаһардағы ахуалды тұрақты деп бағалайды. Өйткені көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда аптап ыстық басылмай тұр. Ауа температурасы көтерілген сайын азық-түліктің тез бұзылу қаупі артады. Мәселен, соның салдарынан қалада жыл басынан бері бактериялық тағамнан уланудың 32 дерегі тіркелсе, оның 21-і – 14 жасқа дейінгі бала.
Ал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ай сайын улануға қатысты 1500-ге жуық шағым түседі. Мамандар әр өтініштің мән-жайын зерделеп, күдік расталған жағдайда тиісті нысандарды тексереді.
«Азық-түлік сатып алған кезде міндетті түрде санитариялық талаптарды сақтайтын заңды сауда орындарынан алуға кеңес береміз. Жабайы сауда орындары деп жатамыз ғой, көшеде сатылатын жерлерден алмауға шақырамыз. Сонымен қатар өнімді сатып алған кезде ұялмай, тағамның сертификатын немесе оған сәйкес келетін құжаттарды сұрағандарыңыз абзал», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Кенжегүл Қонысбаева.
Ал былтыр шаһарда ботулизмге шалдыққан 3 адам тіркелсе, биыл 6 науқас анықталған.
Ақ халаттылардың айтуынша, ауру аяқ астынан басталып, адамның жүрегі айнып, дене қызуы көтеріледі. Кейін көру қабілеті нашарлап, жұтынуы қиындайды. Осындай белгілер пайда болса, дәрігерлер дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
«Негізі бұл аурулар жедел ішек инфекциялары деп аталады. Оны тудыратын сальмонелла, эшерихия бактериялары болады. Сальмонелла көбінесе тағам құрамында кездеседі. Ол жұмыртқаны тоңазытқышта ұзақ уақыт сақтағаннан пайда болуы мүмкін. Сонымен қоса тазалық сақтамағаннан да пайда болады», – деді жалпы тәжірибе дәрігері Марал Алмағанбетова.
Ал шаһардағы базар сөрелерінде көздің жауын алатын қауын мен қарбызды шілденің соңына дейін жемеген абзал.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, ерте сатылымға шыққан бақша өнімдерінің көбі жылыжайда өсіріледі немесе шетелден жеткізіледі. Ал отандық өнімдердің табиғи пісіп-жетілетін кезеңі – шілденің соңы. Сондықтан мамандар дәл осы уақыттан кейін сатып алған дұрыс екенін айтады.
«Бізде қарбызды тұтынудың қауіпсіз кезеңі – шілденің соңы мен қыркүйек айы аралығы. Осы уақытта қарбыз табиғи жолмен піседі, артық тыңайтқыштар мен түрлі қоспалар қолданылмайды. Сондықтан дәл қазір, әсіресе балаларға қарбыз жеуге кеңес бермейміз», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Айта кетейік, былтыр қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пестицидтер мен нитраттардың мөлшерін анықтау үшін 608 сынаманы зертханалық тексеруден өткізген. Ал биыл алынған екі сынама талапқа сай болып шыққан.
Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы ашылмақ