Алматыда зейнеткерлерді алаяқтардан қорғануға үйретіп жатыр

14.06.2026 17:14

Кез келген қаржылық өтінішті бірнеше мәрте тексеру қажеттігі ескертілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Алматыда егде жастағы тұрғындарды интернет-алаяқтықтан қорғауға бағытталған қаржылық сауаттылық семинарлары басталды. Мамандардың айтуынша, бүгінде алаяқтар жалған инвестициялық жобалар мен фейк сайттардан бөлек, жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын да белсенді пайдаланып жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған семинарларда қатысушыларға қаржы пирамидаларының белгілері, жеке деректерді қорғау жолдары және онлайн қызметтерді қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілді.

Сарапшылар соңғы уақытта алаяқтардың адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап, туысы немесе танысы ретінде хабарласып ақша сұрау фактілері көбейгенін атап өтті. Сондықтан кез келген қаржылық өтінішті бірнеше мәрте тексеру қажеттігі ескертілді.

Сондай-ақ мамандар желілік бизнес, жоғары табыс уәде ететін инвестициялық жобалар және әлеуметтік төлемдерге қатысты жалған хабарламаларға сақ болуға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін алаяқтардан қорғаудың нақты тәсілдерімен танысып, банк карталары мен жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау бойынша кеңестер алды.

Ұйымдастырушылар мұндай семинарларды алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де өткізуді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы иесіз жануарлар мәселесі: заң нені өзгертеді