Жиналған қауым үшін дала асханасы ұйымдастырылып, мерекелік концерт қойылды
Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл толуына орай, ауқымды еске алу және мерекелік іс-шаралар өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ата-бабалар рухына тағзым етіп, бейбіт күннің мәнін ұлықтады, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерекенің негізгі бағдарламасы дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ұйымдастырылды. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Қаза тапқан жауынгерлерді ардагерлер, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиналған қауым үшін арнайы дала асханасы құрылып, көпшілікке сарбаз ботқасы таратылды. Мерекелік концертте майдан әндері мен соғыс жылдарындағы танымал туындылар шырқалды. Айта кетейік, биыл Жеңіс күніне орай қарт майдангерлердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем берілді.
Іс-шара барысында тыл ардагері Асқар Шантиев ақ батасын беріп, келешек ұрпаққа деген тілегін білдірді:
«Е, Алла, соғыста шейіт болғандардың жатқан жері жайлы, иманы саламат, орны пейіш болсын. Өсіп келе жатқан жас ұрпағым ер жетіп, сол аталарының ісін ары қарай жалғастырсын. Жаңа Қазақстанды өркендетіп, өсіріп, дүние жүзіне әйгілі "Қазақстан" деген атын шығарсын», — деді ардагер.
Еске алу шаралары күні бойы жалғасып, алматылықтар «Мәңгілік полк» рухында аталарының суреттерін ұстап, қаланың орталық саябақтарына ағылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде