Жұмыссыздар мен несие тарихы нашар адамдардың атынан 399 млн теңгеге 140 келісімшарт жасалған
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, «Comfort Time» және бірқатар компания басшылары азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеп, олардың табысын өсіріп көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соның арқасында банктерді шатастырып, қарыз алдырған. Нәтижесінде жұмыссыздар мен несие тарихы нашар адамдардың атынан 399 млн теңгеге 140 келісімшарт жасалған. Ал ұйымдастырушылар берілген соманың 10 пайызына дейін «сыйақы» алып отырған. Қазір бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр.
«Көп жағдайда несие алушылар басынан банктер алдындағы міндеттемесін орындаудан жалтарған. Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында анықталды.
Айта кету керек, аталмыш схемалар халықтың қарызға бату мәселесін одан сайын күрделендіреді, себебі қарыз алушылар бірден бірнеше банктен мақұлдауын алып, салдарынан олардың қарыз жүктемесі еселеп өседі», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Астанадағы ұшақ апаты: еліміздегі 49 әуе кемесі бақылауға алынады