Алматыда жүрек трансплантациясы бойынша үшінші ота сәтті жасалды

Қазақстанда ағза трансплантациясы біртіндеп дамып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 146 адамға жүрек трансплантациясы қажет. Мұндай операция медицинадағы ең күрделі оталардың бірі болып саналады. Соған қарамастан, Алматыда бұл өмірлік маңызды органды ауыстыру бойынша үшінші ота сәтті жасалды. Науқас есін жиды, қазір жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар институтында үшінші рет жүрек трансплантациясы жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болған. Донор жүрегі дер кезінде табылып, күрделі операция ойдағыдай өтіпті. Айта кетейік, мұндай оталар өзге емдеу әдістері көмектеспеген жағдайда ғана жасалады екен.

«Бұрын осындай науқастарға тек Астанада ота жасалатын. Енді соңғы екі жылда біздің орталықта үшінші күрделі ота сәтті өтті. Мамандарымыз мұндай операцияларды өздері жасай алады. Енді ең маңыздысы – халыққа түсіндіру. Егер туыстары рұқсат берсе, талай адамның өмірін сақтап қалуға болады», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ директоры Марат Орынбасарұлы.

5 сағатқа созылған отаны кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі бастаған тәжірибелі мамандар мен анестезиологтар бірлесіп жасапты. Бұл жолғы донор ауруханаға жеткізілген 40 жастағы ер адам болған. Дәрігерлер оның ми өлімін ресми түрде растап, туысқандары жүрегін мұқтаж науқасқа беру туралы шешім қабылдаған екен.

«Біз үшін ең үлкен қиындық – донор мен реципиенттің жүрегін таңдау. Ең алдымен, тін сәйкестігі болуы керек. Екіншіден – донордың жүрегін дер кезінде алып, трансплантация орталығына жеткізу. Үшіншісі – ота процесінің өзі. Жаңа жүрек науқасқа салынғаннан кейін қанамауы керек, орнына дұрыс орналасуы керек. Осының бәрі – өте жауапты әрі күрделі кезеңдер», – деді Кардиология және ішкі аурулар ғзи кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Жаңа жүрек 43 жастағы Талғарлық ер адамға салынды. Ол ұзақ жылдар бойы жүрек ақауы мен басқа да күрделі дерттерден зардап шеккен. 2022 жылы инфаркт алғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, ентігу мен әлсіздігі жиілеген. Дәстүрлі ем нәтиже бермеген соң, ол жүрек трансплантациясына мұқтаждар тізіміне енгізіліпті. Бір жарым жылдан кейін оған донор табылып, үміт сыйлады.

«Операция сәтті өтті. Қазіргі таңда өзімді жақсы сезінемін», – деді науқас Думан Дүйсебаев.

Айта кету керек, Қазақстанда ағза трансплантациясы біртіндеп дамып келеді. Дегенмен, мұқтаж жандар саны азаймай тұр. Ресми деректерге сәйкес, 4 мыңнан астам адам донор күтіп, кезекте тұр. Ал елде қазір жеті трансплантация орталығы жұмыс істейді. Олардың үшеуі Астанада, біреуі Алматыда, қалғаны Шымкент, Ақтөбе және Түркістан қалаларында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер аптап ыстықта жүрек ауруларынан сақ болуға кеңес береді

Новости партнеров