Алматыда жол қауіпсіздігі күшейтіліп, өзге өңірлерден қосымша күштер тартылды

01.04.2026 21:48

Енді олар жергілікті тәртіп сақшыларымен бірге жолдағы қауіпсіздікті қадағалайды

Алматыда жолдағы қауіпсіздік күшейтілді. Бұл мақсатта бүгін «Стоп – құқықбұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алып, оған еліміздің 4 өңірінен қосымша күштер жұмылдырылды. Енді олар жергілікті тәртіп сақшыларымен бірге жолдағы қауіпсіздікті қадағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өлкесі өзге болғанымен, міндеті бір. Бүгін Алматы шаһарында еліміздің 4 өңірінен келген тәртіп сақшылары бас қосып, сап түзеді. Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстары және Астана қаласынан жұмылдырылған 40 полицейге ең алдымен міндеттері түсіндірілді. Тиісті бұйрықтан соң барлығы қызметіне жұмыла кірісті. Енді олар 10 күн бойы жергілікті патрульдермен күш біріктіріп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

«Бұл — министрлік тарапынан бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға басқа өңірлердің полицейлерін жұмылдыру біз үшін тиімді практика болып саналады. Алматы — еліміздің ең ірі мегаполисі болғандықтан, бүгінгі таңда тәртіп сақшылары өзге аймақтардан да тартылып отыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Нұрбек Әмірханұлы – Жамбыл облысының тумасы. Міндетіне кіріскен сәттен бастап өз өңірінде адал қызмет етіп келген ол бүгін мегаполистегі жол қауіпсіздігін қадағалауға кіріскен. Сөзінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

«Бізді Жамбыл облысынан осы жаққа арнайы іссапармен жіберді. Бізге сенім артқан басшылыққа алғыс айтамыз. Басты мақсатымыз – қылмыстың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау. Алматы сияқты миллионнан астам тұрғыны бар ірі мегаполисте жұмыс істеу – біз үшін үлкен тәжірибе алмасу болары анық», – деді Жамбыл облысы ПД патрульдік полициясының инспекторы Нұрбек Нұрбай.

Ал қала халқы шаһарда қоғамдық тәртіптің күшейгенін құптайды. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алып, құқықбұзушылықты азайтады деп сенеді. Десе де, «тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді жүргізушілер.

«Жол апаттары тым жиілеп кетті, соның салдарынан көптеген адам қаза тауып жатыр. Әсіресе тасжолдардағы жағдай алаңдатады. Сондықтан жолдарда тәртіптің күшейтілгені өте орынды. Тәртіп сақшыларының осылай жұмыла жұмыс істегеніне алғыс айтамыз, бұл олар үшін де үлкен тәжірибе болары анық», «Кептеліс пен жол мәселесі әрдайым өзекті. Әрине, бәрін қатаң бақылауда ұстау керек, бұл өте дұрыс шешім» – дейді тұрғындар.

Айта кетейік, «Стоп – құқықбұзушылық» операциясы 10 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында патрульдік қызметтер тек жолдағы тәртіпті емес, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, қалада күнделікті бір жарым миллионға жуық көлік қатынайды десек, қосымша тартылған күш ауыр жүктемені жүйелі реттеуге мүмкіндік береді.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды