Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілді

31.01.2026 17:26

Жол қауіпсіздігі мәселелері полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді

polisia.kz z

Алматы қаласында полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда өзара сыйластық танытуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жол қауіпсіздігі мәселелері полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апатты жағдайларды болдырмау және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапты мінез-құлқын қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Әсіресе жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде жылдамдық режимін сақтау, арақашықтықты дұрыс ұстау, бағдаршам белгілерінің талаптарын орындау, сондай-ақ қауіпті маневрлерге жол бермеу мәселелері басты назарда.

Полиция өкілдері жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің салғырттығы мен қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын елемеу салдарынан болатынын атап өтеді.

— Жол қауіпсіздігі — ортақ жауапкершілік. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, басқа қатысушыларға құрметпен қарау және жүргізушілік мәдениет жол-көлік оқиғаларының азаюына тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде, — деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

— Әрбір жол-көлік оқиғасының артында адам өмірі мен денсаулығы тұр. Біз жүргізушілерді барынша мұқият болуға, ережелерді бұзбауға және рөлге отырған сәттен бастап жауапкершіліктің маңызын ұмытпауға шақырамыз. Жолда ұсақ-түйек болмайды, тек жауапты жүргізу ғана қайғылы жағдайлардың алдын алады, — деп толықтырды Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.

Алматы қаласының полициясы жол қозғалысының барлық қатысушысын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және жолдағы қауіпсіздік әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын естен шығармауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Жол бер!» акциясы аясында әлеуметтік эксперимент өткізілді