Жол сапасы – Президенттің биылғы Жолдауында ерекше назар аударылған мәселелердің бірі
Алматыда биыл жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына 600-ге жуық инспекциялық тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 105 ақау анықталды. Бұдан бөлек, жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 1400 сынама алынып, зертханалық тексеруден өткен. Оның 75-і белгіленген талаптарға сәйкес келмепті. Қазір анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жол сапасы – Президенттің биылғы Жолдауында ерекше назар аударылған мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті маңызы бар барлық жолдың сапалы салынуын талап етті. Бұл бағыттағы жауапкершілікті Үкіметке, соның ішінде Көлік министрлігіне жүктеді. Сондай-ақ битум мен қиыршықтастың сапасын сылтау етуге болмайтынын ескертті. Осы тапсырмаларды орындау аясында жол саласына қатысты бақылау мен талаптарды қатаңдату көзделіп отыр. Алматыда да жол құрылысының сапасына бақылау күшейген. Егер олқылықтар анықталса, мамандар тиісті жауапқа тартылады.
«Бұзушылықтар анықталған мердігерлерді өз тарапымыздан тапсырыс берушіге хат жолдаймыз. Тапсырыс беруші шешім қабылдамаған жағдайда Құрылыс бақылау басқармасына хат жолдаймыз. Одан кейін Құрылыс бақылау басқармасы мердігердің лицензиясын тоқтату немесе айыру, айыппұл салу жұмыстарын атқарады», – деді «Жол активтері сапасының» Ұлттық орталығы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Мәулен Әліпов
Ал Алматы облысында биыл 138-ге жуық тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарынан 300-ге тарта сынама алынған. Зертханалық сараптамаға сәйкес олардың 19 пайызы талапқа сай келмейді. Сонымен қатар қыс жақындағанда жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді. Өйткені, ауа райы жол жабынындағы кемшіліктерді одан әрі ушықтыруы мүмкін. Сондықтан мамандар қыс мезгілі басталғанға дейін жолдарды тексеріп, мердігер компанияларға анықталған ақауларды жоюды міндеттейді.
«Техникаларын, жолға себуге арналған материалдарды, активтерді тексереміз. Біздің лабораторияда сапасын қараймыз. Биыл 50-60-қа жуық материалды тексердік. Қар, мұз басатын участоктарға сол материалдарды апарады. Материалдар алынғаннан кейін лабораторияға өткіземіз», – деді «Жол активтері сапасының» Ұлттық орталығы Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Қанат Хамитжанов.
Мамандардың айтуынша, жол сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – құрылыс технологиясының сақталуы. Мәселен, асфальт жабынын тиісті деңгейде нығыздамау, оны қажетті температурада төсемеу жолдың тез бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бақылау тек асфальттың үстіңгі қабатымен шектелмеуі керек.
Айдана Шалқар, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы маусымға дайын