Биыл жылыту маусымы аяқталмастан, қала келесі қысқы маусымға да дайындықты бастады
Алматы халқы қыстан қысылмай шықты. Қазір де қалада жылыту маусымы штаттық режимде жалғасып жатыр. Қазандықтарда технологиялық ақаулар мен апаттар тіркелмеген. Бұл туралы «Алматыжылужайэнерго» кәсіпорнының бас инженері Павел Леденцов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мекеме балансында 86 қазандық бар. Оның тоғызы ірі, ал қалғаны шағын қазандық санатына жатады. 7 ауданда орналасқан олар шаһардағы жылу мен ыстық су қажеттілігінің шамамен 35 пайызын қамтамасыз етеді.
«2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық кезінде 18 қазандық қайта жаңғыртылды. Негізгі және қосалқы жабдықтар да ауыстырылды. Соның нәтижесінде барлық қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деді «Алматыжылужайэнерго» ЖШС бас инженері Павел Леденцов.
Биыл жылыту маусымы аяқталмастан, қала келесі қысқы маусымға да дайындықты бастады. Жаз айларында жылу пункттеріне ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтары ауыстырылады. Сондай-ақ жоспарда ірі нысандарды, соның ішінде «Орманова» мен «Староэлеваторская» қазандықтарын қайта модернизациялау қолға алынбақ. Ал алдағы жылдары 20 шағын жылу көзі жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.
«Осы 20 қазандықтың сегізін жаңадан саламыз. Жер телімдеріне заманауи қазандықтар тұрғызу үшін ескілері сүріледі. Ал қалған 12-ісінде жұмыстар қысқа мерзімде жүргізіледі. Өйткені қолданыстағы ғимараттар пайдаланылады. Олардың қуаттылығын күшейтіп, жабдықтарын жөедепу қажет», – деді Павел Леденцов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық киім күніне орай сән көрсетілімдері өтті