Қазір мұнда түрлі сәндік өсімдіктер гүлдеп, ағаштар бүршік жарып жатыр
Алматыда ботаникалық бақ бүгіннен бастап жаздық жұмыс режиміне көшті. Яғни, саябақ енді қала тұрғындары мен қонақтарын кешкі сағат 20:00-ге дейін қабылдайды. Бүгінде тынығу орнында гүлдер гүлдеп, ағаштар бүршік жаруда. Мұнда сондай-ақ аққулар әкелінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының ең жасыл нүктелерінің бірі – ботаникалық бақ бүгіннен бастап жаңа жұмыс кестесіне көшті. Яғни, демалыс орны таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін келушілерді қабылдайды. Қазір мұнда түрлі сәндік өсімдіктер гүлдеп, ағаштар бүршік жарып жатыр. Сондықтан мамандар бұл кезең серуендеуге ең қолайлы уақыттардың бірі дейді.
«Күн ұзарып, жер кепкен соң біз әдеттегідей жазғы режимге ауыстық. Бүгін ғана баққа әппақ аққулар әкелінді. Өсімдіктер гүлдей бастады. Қазір магнолия, форзиция сынды ағаштар гүлдеп жатыр. Жалпы, бұл кезең келушілер үшін ең әдемі әрі жайлы уақыттардың бірі. Таңғы және кешкі уақытта серуендеуге қолайлы жағдай жасалған», - деді Ботаника және фитоинтродукция институтының маркетинг және PR бөлімінің басшысы Баян Қоспенбетова.
Маманның сөзінше, баққа күніне шамамен 3-4 мың адам келеді. Ал демалыс күндері бұл сан екі есеге өседі. Әсіресе сәуір-мамыр айларында табиғатқа шығып, тыныққысы келетіндер көп екен. Саябаққа кіру құны: ересектер үшін – 932 теңге, студенттерге – 745 теңге, ал оқушылар мен зейнеткерлерге, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын жандарға – 466 теңге. Сондай-ақ ардагерлер, кембағал жандар және 7 жасқа дейінгі балалар бақты тегін аралай алады.
«Әл-Фараби даңғылының бойынан тау көрінісі мен айналадағы ағаштар толықтай көрініп тұр. Маған ерекше ұнағаны — мұндағы қауіпсіздік шаралары. Әр бұрылыста бейнебақылау камералары орнатылған, өйткені бұл халық көп келетін маңызды орын болғандықтан, мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қорғауға алынған. Билет бағасы бастапқыда 900 теңге деп көрсетілген екен, бірақ біз студенттік билетпен 700-800 теңгеге алдық. Өте тиімді баға. Осындай әдемілікті бәріміз болып сақтап, бұл жерге тек демалу мен көру үшін келуіміз керек деп ойлаймын», — деді қала тұрғыны Аруназ Жүсіп.
«Бұл жерге өте жиі келуге тырысамыз. Мұнда тыныш, ауасы тап-таза, кітап оқып, жұмыс істеуге немесе құрбыларыңмен уақыт өткізуге өте қолайлы орын. Баршаға келуге кеңес беремін. Табиғаты өте көркем, әсіресе гортензиялар гүлдеген кезде тіпті құлпырып кетеді. Бұл маң жылдың әр мезгілінде өзінше әдемі», — деді қала тұрғыны Айдын Әнуәрбекова.
«Маған бұл жер өте ұнайды, бәрі тамаша. Өсімдіктер мен ағаштардың неше түрлі сорты бар екен. Көлдегі балықтарды, аққуларды, тіпті жабайы үйректерді де көруге болады. Өте жақсы демалыс орны екен», — деді қала тұрғыны Мамыш Ержанов.
Айта кетейік, жасыл аймақтың жалпы аумағы – 103 гектар. Бақ ағаштар мен бұталар, гүлді-сәндік және жеміс-жидекті өсімдіктер, жылыжай кешені, сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктер коллекциясы сияқты бөлімдерден тұрады. Мұнда шамамен мыңдаған жасыл желек түрі өсіріледі.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістанда әкесін өлімші етіп ұрып-соққан ер адамның жазасы ауырлады